Түйе жетектеген швециялық саяхатшы Атырауға жетті. Бұл туралы 24 кз хабарлайды.
Шетелдік жиһанкез "Жібек жолының" сүрлеуімен Каспий теңізіне дейін жүріп өтуді жоспарлаған. Сапарын өткен жылдың қазан айында бастаған саяхатшы жүктерін түйеге артып, қазақ жерінің бірқатар өңірін жаяу аралап шықты. Бұған дейін Моңғолия, Африка елдеріндегі шөл даланы кезген Кристиан Бодегрен елімізде әсіресе қыс кезінде қатты қиындық көргенін айтады. Атырауға жетіп, Каспий теңізін көзімен көрген саяхатшы енді жаяу жүрісін доғарып, Астана қаласына көлікпен бармақ. Ол арнайы ЕХРО-2017 халықаралық көрмесіне кіріп, Astana Art Fest-ке қатысады. Байқауға көшпенділер елінің бүгінгі өмірі жайлы деректі фильмін ұсынуды көздеп отыр.
Кристиан Бодегрен, саяхатшы:
- Мен Қазақстанға жасаған саяхатымды Астана қаласында қорытындылаймын. Бұл мен үшін аса қызықты жоба болды. Ұлы Жібек жолы сүрлеуі бойындағы бүгінгі заманғы қалаларды көрдім. Қазақстанның жері өте үлкен әрі көрікті шаһарлары бар екен. Экономикалық мүмкіндіктері де жоғары. Мұндай мемлекеттің болашағы жарқын боларына мен сенімдімін.