Саян Хамитжанов "Астана" футбол клубының бас директоры қызметіне кірісті

330

Басшы ретіндегі міндетімді ақысыз негізде атқарамын.

Саян Хамитжанов "Астана" футбол клубының бас директоры қызметіне кірісті Фото: "Астана" ФК сайты

Саян Жақсыгелдіұлы Хамитжанов ресми түрде "Астана" футбол клубының бас директоры қызметіне кірісті, деп хабарлайды Inbusiness.kz.

Осы уақытқа дейін Саян Жақсыгелдіұлының басшылығы арқасында елордалық клуб Қазақстан чемпионатында бірнеше рет алтын жүлдегер атанып, сонымен қатар УЕФА Чемпиондар лигасының топтық кезеңіне шығып, Еуропа лигасының плей-офф кезеңіне өткен болатын.

Клубтың ресми сайтына берген сұхбатында Саян Хамитжанов елордалық клубтың жетекшісі ретіндегі міндеттеріне тоқталды.

"Біріншіден, клубтың құрылтайшыларына маған артқан сенімі үшін алғыс білдіргім келеді, бар күшімді салып, ақтауға тырысамын. Құрылтайшылармен келісім бойынша мен басшы ретіндегі міндетімді ақысыз негізде атқарамын, өйткені футбол менің өмірдегі ең басты хоббиім", – деді ол.

Сонымен қатар ол клубтың инфрақұрылымын сапалы түрде жақсартуға басымдық беріп, алдағы үш жылда клубты футбол академиясымен және негізгі құрамға арналған спорттық базамен қамтамасыз ету жоспары тұрғанын айтты.

"Әрине, қомақты қаржы инвестицияларынсыз аталған тапсырманы шешу мүмкін емес, сондықтан бұл жобаларды Асхат Сейсембек басқаратын "Sport Qory" қорымен және Қазақстан Республикасының Туризм және спорт министрлігімен тығыз ынтымақтастықта жүзеге асыру жоспарда бар. Өздеріңізге белгілі, қазіргі уақытта министрлікті тәжірибелі қызметкер Маржықпаев Ермек Боранбайұлы басқарады, ол кезінде белгілі кәсіпқой спортшы болған, спорттың барлық қыр-сырын, оның ішінде жоғары сапалы футбол инфрақұрылымының толықтай дерлік жоқтығын жетік біледі", – деді Саян Хамитжанов.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу