Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек бірыңғай уақыт белдеуіне көшудің артықшылықтары туралы айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Саясат Нұрбек бұрынғы уақыт белдеулері жүйесі кезінде ағзаның қатты күйзеліске ұшырап, тез тозып кеткенін атап өтті.
"Астрономиялық циклдар біздің өмірімізді анықтайды. Біз күн тәртібін табиғи биологиялық ырғақтарға сәйкестендірген сайын ол соғұрлым сапалы болады. Ұйқыдан ерте тұру күннің бірінші жартысында маңызды нәрсенің бәрін орындауға үлгеріп қана қоймай, отбасы мен демалуға көбірек уақыт қалдыруға мүмкіндік береді", – деді министр "Бірыңғай уақыт белдеуі: ғылыми аспектілер" тақырыбында өткен дөңгелек үстелде.
Саясат Нұрбектің айтуынша, бірыңғай уақыт белдеуіне көшу өмірді табиғи ырғақтарға сәйкес ұйымдастыруға көмектеседі. Бұл денсаулыққа, өнімділікке және жалпы әл-ауқатқа оң әсер етеді, деп есептейді ведомство басшысы.
Зерттеу уақыт режимінің өзгерістерінің қазақстандықтардың физикалық және психикалық денсаулығына, сондай-ақ әлеуметтік және экономикалық көрсеткіштерге әсерін зерттеуге бағытталған.
Қандай деректер зерттеледі:
- Психикалық денсаулық. Күйзеліс, мазасыздық, депрессия және халықтың ұйқы сапасы халықаралық диагностикалық құралдарды қолдану арқылы бағаланады.
- Физиологиялық өзгерістер. Гормондардың деңгейі (кортизол және мелатонин), метаболикалық көрсеткіштер (глюкоза, холестерин) және тәуліктік ырғақтардың бұзылуымен байланысты аурулардың жиілігі мұқият зерттеледі.
- Әлеуметтік аспектілер. Еңбек өнімділігіне, оқушылардың үлгеріміне және медициналық көмекке жүгіну жиілігіне назар аударылады.