Саясат Нұрбек докторантура грантының құны өсетінін айтты

226

2027 жылға дейін бұл көрсеткіш 3 млн 325 мың теңгеге дейін жетеді. 

Саясат Нұрбек докторантура грантының құны өсетінін айтты Фото: amanatpartiasy.kz

Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек магистратура мен докторантура гранттарының сапасын арттыру бойынша жүргізіліп жатқан шараларға тоқталды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Мәжіліс депутаты Жұлдыз Сүлейменова магистратура мен докторантура гранттарының сапасын арттыруға қатысты мәселе көтерді. Оның сөзінше, магистратура мен докторантураға бөлінетін гранттар жыл сайын игерілмей келеді. 

"Өйткені үміткер жоқ. Оны игеру үшін Ғылым және жоғары білім министрлігі негізгі шекті мәнді төмендетіп, жалпы талаптарды жеңілдетіп отыр. Мысалы, 2025 жылы бейінді докторантурада ағылшын тіліне қойылатын талаптар алынып тасталды. Біз жалпы гранттың саны емес, сапасы арқылы экономикадағы, еңбек нарығындағы білікті кадрларға байланысты мәселелерді қайта-қайта көтеріп жатырмыз. Оның ішінде магистратура мен докторантураға жалпы академиялық көрсеткіштері жоғары, білікті, зерттеу қабілеттері бар азаматтардың келгенін қалаймыз. Министрлік механизмдерді қайта қарауы қажет деп санаймыз. Гранттардың сапасын арттыруға, гранттың құнын көтеруге қатысты қандай шара қабылдайсыздар?", – деді Жұлдыз Сүлейменова Мәжілістің жалпы отырысында.

Халық қалаулысы ведомство басшысынан магистратура мен докторантурада талаптарды жеңілдетуге байланысты қандай да бір тәуекелдерге талдау жасалды ма деп нақтылады. 

Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек магистратурада гранттардың саны соңғы 3 жылда өзгермегенін жеткізді. 

"Сол 13 мың қалып отыр. Конкурс жақсы. Соңғы 3 жылда орта есеппен алғанда 40 мыңға жуық адам 13 мыңға грантқа тапсырды. Докторантураға келсек, бұл Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасы және AMANAT партиясының сайлауалды бағдарламасында нақты белгіленген. Биыл докторантурада былтырғыға қарағанда 1000 грантқа өсірдік. Жалпы гранттардың санын 5 мыңға дейін жеткіземіз. Өндірістік докторантураны енгізіп жатырмыз. Бұл – Президенттің тапсырмасы. Сол себепті докторантураға түсуге қатысты талаптарды сәл өзгерттік. Биылдан бастап бейіндік докторантураға қатысты пилоттық режимде өндірістік-индустриалдық PhD енгіздік. Тілге қойылатын талаптар жойылған жоқ, аздап өзгертілді. Яғни тілдік сертификаттарды, яғни енді тек IELTS, TOEFL қана емес, сонымен бірге Duolingo және басқа да сертификаттарды қабылдайтын болдық. Ол талап қалды. Өндірістік-индустриалдық PhD-ге өте жақсы қабылданды. Қазір бізге 8 ірі кәсіпорын тапсырыс берді", – деді министр.

Саясат Нұрбек 2027 жылға дейін докторантура грантының құны 3 млн 325 мың теңгеге дейін өсетінін баса айтты.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу