Саясаттағы әйелдердің үлесі рейтингі: Қазақстан 104-орында

1000

Нұр-Сұлтан, Алматы және Павлодар облысында басшылық қызметтегі әйелдердің үлесі басым.

Саясаттағы әйелдердің үлесі рейтингі: Қазақстан 104-орында

Саясаттағы әйелдердің үлесі рейтингінде Қазақстан 104-орынды иеленді, деп хабарлайды inbusiness.kz порталы finprom.kz-ке сілтеме жасап.

Еліміз саясаттағы әйелдердің үлесі рейтингінде 193 мемлекеттің арасында 104-орында тұр, ал саяси тепе-теңдікті бағалау бойынша 100 балдың (әйелдер мемлекеттегі саяси маңызды лауазымдардың кем дегенде 50%-ын иеленгенін білдіреді) 22-сін алды. 

Осы жылдың басында рейтингте 21 мемлекет қана 50 және одан көп балл жинады. Сондай-ақ, тізімдегі 22 елде мемлекет немесе парламент басшысы әйел болған.

Рейтингінің көшбасында Коста-Рика, Руанда, Исландия, Швеция және Финляндия тұр. ЕАЭО-ға мүше елдер арасында Қазақстан тек Беларуське жол берген (49-орын, 38 балл).

Сондай-ақ еліміз тізімде Ресей, Армения, Қырғызстанның алдында тұр. 

Рейтинг мәліметінше, Қазақстанда министр қызметін атқаратындар арасында әйелдердің үлесі – 10%, ұлттық заң шығару жиналысының төменгі және жоғарғы палатасында – 24%, жергілікті атқарушы органдарда – 22%. 

2021 жылдың сәуіріндегі дерекке сәйкес, 17 өңірдің әкімі арасында Қызылорда облысын ғана әйел басқарады.

17 министрліктің арасында тек Мәдениет және спорт министрлігі мен Ақпарат және қоғамдық даму министрлігін әйел басқарып отыр.

2020 жылдың төртінші тоқсанында мемлекеттік басқару, қорғаныс және міндетті әлеуметтік қамсыздандыру саласында 491,5 мың адам жұмыс істеген (бұл өткен жылмен салыстырғанда 1,1%-ға жоғары). Ондағы әйелдердің үлесі – 39,6% немесе 194,7 мың адам (бір жылда минус 1,2%).

Соңғы деректер бойынша (2019 жылы) Қазақстандағы басшылық қызметтегі әйелдердің үлесі орта есеппен – 43% (2018 жылы бұл көрсеткіш 41,2% болған).

Еліміздегі 17 өңірдің арасында елордада ғана әйелдердің үлесі 50%-дан асады. Бұл тізімде үздік үштікке Алматы қаласы мен Павлодар облысы енді. 

Басшылық қызметтегі әйелдердің үлесі Ақтөбе облысында өте аз (барлығы 27,3%).

Дәурен Ерболат

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу