Саяси партиялар жергілікті әкім сайлауына кандидат ұсынады

1085

Мәжілістің жалпы отырысында "Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы" Конституциялық заңға өзгеріс пен толықтыру енгізілуі мүмкін екені мәлімделді. Бұл туралы Мәжілістің заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің төрағасы Қанат Мусин айтты, деп хабарлайды inbussines.kz тілшісі.

Саяси партиялар жергілікті әкім сайлауына кандидат ұсынады Фото: inbusiness.kz

"Конституциялық заң жобасы Мемлекет басшысының 2020 жылғы қыркүйектегі жолдауын, сондай-ақ парламент сессиясының ашылуында берілген тапсырмасын орындау мақсатында әзірленді. Заң жобасы аясында "Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы" Конституциялық заңға жергілікті әкімдерді тікелей сайлауды тағайындау, кандидаттарға қойылатын талап, кандидаттарды ұсыну тәртібі, өзін-өзі ұсынған кандиттарды қолдау үшін қол жинау тәртібі, кандидаттарды тіркеу, сайлау кезіндегі дауыстарды санау, сайлау қорытындысын белгілеу және жариялау тәртібі, сайлау өткеннен кейін сайланған әкімді тіркеу бойынша бірқатар түзету енеді", – деді Қанат Мусин.

Комитет төрағасының түсіндіруінше, заң жобасында мәжіліс сайлауы кезіндегі саяси партиялардың өту шегін 7%-дан 5%-ға дейін төмендету, "бәріне қарсымын" деген жазуы бар бағанды барлық деңгейдегі сайлау бюллетеньдеріне қосу туралы өзгеріс пен толықтыру енгізіледі. 

"Заң жобасында жергілікті әкімдер сайлауына саяси партиялардың кандидаттарын ұсыну көзделеді. Аудандық маңызы бар қалалар, ауылдар, кенттер, ауылдық округтер тұрғындарының пассивті сайлау құқығын іске асыру мақсатында заң жобасында өзін-өзі әкімдер сайлауына ұсынуға мүмкіндік қарастырылған. Әкімдікке халық ұсынатын кандидат өзін қолдауы үшін тиісті қол санын жинайды. Комитет заң жобасын қарап, қорытынды әзірлеуге дайын", – деді Қанат Мусин. 

Оның айтуынша, мәжілісте "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сайлау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" іліспе заң жобасын да қаралады. 

Құжат "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы", "Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы" және "Саяси партиялар туралы" заңдарға түзету енгізуді көздейді. 

"Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" заңда жергілікті әкімдерінің тәртіптік теріс қылық жасағаны үшін жауаптылығын қарау бөлігінде аудандар мен облыстық маңызы бар қалаларда мәслихаттардың құзыретін толықтыру ұсынылды. Сондай-ақ жергілікті әкім лауазымына сайлаудың және өкілеттігін тоқтатудың жаңа тәртібі айқындалды. Сонымен қатар "Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы" заңға сайланатын әкімдер үшін аттестаттау мен ротациялауды алып тастау және арнайы тексерістен өткізудің жаңа тәртібін енгізу бөлігінде түзету енгізіледі. "Саяси партиялар  туралы" заңға жергілікті әкімді сайлауға саяси партиялардан кандидаттарды ұсыну жөнінде нормалар қарастырылған. Комитет заң жобасын қарап, қорытынды әзірлеуге дайын", – деді Қанат Мусин.

Қанат Махамбет 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу