Мұндағы саяжай тұрғындарына сая болар билік өкілі көрінер емес.
Уақытында жергілікті билік ауызсу мәселесін шешуге уәде де берген, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
Қаншама жылдан бері су азабын тартып келе жатқан "Ягодка" саяжайының тұрғындары инфрақұрылымның жоқтығына налиды, өздеріне жағдай жасамағанына ашынады.
"Саяжайда әркім үйіне тоқпен тартылатын колонка кіргізіп алған. Ол – ащы, арасында сапасы жақсылары да бар болуы мүмкін. Бірақ, көбі қаладан тасып ішуге мәжбүр. Дария суын тұтынып отырғандар да баршылық. Жалпы, біздегі мәселе өте көп. Су, жарық, жол және газ, бәрі-бәрі – саяжайлықтардың басты мәселесі", - дейді тұрғын Гүлнар Жағыпарова.
Тұрғындар шенеуніктерден жылда көмек сұрайды. Саяжай қаланың теңгеріміне өтсе, жағдайдың оңаларына сенеді. Ал, жергілік билік өкілдері саяжайдың 2019 жылы қаланың бас жоспарына сәйкес, Қызылорда аумағына кіргізілгенін айтады.
Қызылорда қаласы әкімінің орынбасары Ғалымжан Еркебай саяжайлардың, елдімекендердің өзінің нормативтері бар екенін, аталған саяжайға су, жол, жарық және газ кіргізу үшін жобаларға қаражат бөлініп жатқанын жеткізді. Десе де, "жобаларды қарап, сараптамадан өткізуге әлі де уақыт қажет" дейді әкімдіктегілер.
"Елу жылдан бері "Ягодка" саяжайында тұрамын. Әке-шешем бұл жерді 70-жылдары алған. Осы жерде ең көп тұрғындардың бірі менмін. Саяжайда мал ұстап отырғандықтан, еш жаққа көше алмаймын.
Сол 50 жылдан бері үкіметтен дұрыс көмек болған жоқ. Ауызсу мәселесі – өте күрделі. Машинасы барлар қаладан тасып ішеді, арнайы көлікпен 10-20, 50-100 литрлеп әкелеміз. 10 жылдан бері жергілікті биліктен көмек сұрап келеміз. Уәде де берілді, бірақ шешілген ештеңе жоқ.
Жағдайы жоқ кісілер қысы-жазы Сырдарияның суын ішеді. Әуелі лай суды тұндырады, сосын бетіндегі шамалы тазарған суды қайнатып ішеді. Бұл жердегі халықтың арасында саяжайдағы үйді қарауылдап отырғандар көп. Ол кісілерге де қиын. 10 жылдан бері ауырамын, сондықтан қазір дарияның суын іше алмаймын", - дейді Гүлжанар Жұмаділқызы.
Тұрғындар жергілікті биліктен көмек болмаған соң өз беттерінше әрекет жасап-ақ жатқан көрінеді. Құдық қазып, арнайы колонка қақтырғанымен, судың сапасы сын көтермейтінін айтады. Әрі электр күшінің әлсіздігі тереңнен суды тартуға жетпейді.
"Айтпақшы, Қызылорда қаласының бұрынғы әкімі Ғанибек Қазантаевтың жолдарды жамап, бір дұрыстап бергенін айтуым керек. Онлайн кездесуде уәде беріп, соны орындаған болатын, онысына да рақмет.
Жалпы, бізде мәселе көп. "Елу жылда – ел жаңа" дейтін еді?! Онысын біз көре алмай отырмыз. Жарық, газ мәселесі де алаңдатады. Бір қызық айтайын ба? Саяжайдағы аялдаманы өз қолымызбен салғанбыз. Біз шынында өз-өзімізбен өмір сүріп жатырмыз", - деп жалғастырды сөзін саяжай тұрғыны.
Саяжай тұрғындары өздеріне сая болар билік өкілін іздеп жүр. "Жақында ғана қызметіне кіріскен Қызылорда қаласының әкімі Серік Қожаниязов біздің мұң-мұқтажымызға құлақ асар ма екен?" деген ойын да ашық жеткізді. XIX ғасырда өлместің күнін кешіп жүрген тұрғындар бір жақсылықтың боларына сеніп отыр.