Қызылорда облысындағы Сексеуіл теміржол вокзалының реконструкциясы аяқталып, тарихи ғимарат заманауи талаптарға сай жаңғыртылды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
1904 жылы салынған вокзал ғимаратында қасбет пен шатыр жаңартылып, ішкі бөлмелерге күрделі жөндеу жүргізілді. Сондай-ақ энергия үнемдейтін шыны пакеттері бар заманауи алюминий витраждар орнатылды. Жұмыстар барысында отандық өндірістің сапалы әрі ұзақ мерзімді материалдары пайдаланылды.
Қазір вокзалдың жалпы аумағы 454,03 шаршы метрді құрайды. Бір қабатты III класты нысан тәулігіне орта есеппен 300 жолаушыға қызмет көрсетеді.
Сексеуіл станциясы арқылы Алматы, Астана, Қарағанды, Атырау, Павлодар, Қызылорда, Ақтөбе, Орал, Маңғыстау, Жезқазған, Шымкент, Түркістан, Шу, Тараз қалаларына, сондай-ақ Ресей, Өзбекстан және Қырғызстан бағыттарына қатынайтын 30 жолаушылар пойызы өтеді.
Айта кетейік, Қызылорда облысы аумағындағы магистральдық теміржол желісінің ұзындығы 1051,7 шақырымды құрайды. Өңірде тәулігіне 15 жолаушылар пойызы қатынайды. Сонымен қатар 80 шақырымнан астам теміржол жолын күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Жаңғыртылған вокзал жолаушыларға қолайлы жағдай жасап, көрсетілетін қызмет сапасын арттыруға мүмкіндік береді.