Семей қаласының әуежайы халықаралық стандартқа сай әуежай ретінде тіркелді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Биыл Шығыс Қазақстанда жолдарды жөндеуге 55 миллиард теңге бөлінген. Оның көбі туристік маңызға ие жолдарға жұмсалды. "Сібе көлдеріне, "Нұртау" және "Алтай Альпісі" тау шаңғысы базаларына апаратын жолдар қалпына келтірілді. Осы жылы Алакөл бағытындағы Мақаншы - Жалаңашкөл жолы жөнделіп бітті", - дейді жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Нұржан Жұмаділов.
Жаз бойы Бородулиха-Шемонайха, Көкпекті-Самар жолдарының телімдері жөнделіп, Семей-Қарауыл бағытында жөндеу жұмыстары аяқталды.
"Соңғы екі жылда Өскемен мен Семей көшелеріне қомақты қаржы бөлінді. Жалпы, елдімекендердің көше-жолдарына осы жылы 10,7 миллиард теңге бөлініп, игерілді",- дейді Нұржан Жұмаділов.
"Нұрлы жол" бағдарламасы аясында Омбы-Майқапшағай халықаралық жолы, Таскескен-Бақты республикалық трассасы, Осинов асуының айналма жолы қайта қалпына келтірілуде. Шетелдік компаниялардың қатысуымен Талдықорған-Қалбатау-Өскемен және Қалбатау-Майқапшағай жолдарын жөндеу жұмыстары басталып, келесі жылға қалып отыр. Семей әуежайын қайта жаңғырту жобасына 10 миллиард 197 миллион теңге жұмсалды. Соның арқасында нысан халықаралық рейстерді қабылдауға мүмкіндік алды.
"Ұшу-қону жолағына жарық-дыбыстық құрылғы орнатылды. Бұл әуе кемелерін кез келген ауа райында қабылдауға мүмкіндік береді. Әуежай ғимараты да күрделі жөнделіп, аумағы толық қоршалды", - дейді Нұржан Жұмаділов.
Биылғы қазанда әуежай халықаралық стандарттарға сай екенін растайтын сертификат алды. Әзірге аталмыш әуежай Өскемен - Семей - Үржар, Семей - Алматы, Семей - Астана бағытындағы "АН-24" типті ұшақтарды қабылдап отыр. Келешекте мұнда 300-ге жуық жолаушы таситын "Боинг", "Эйрбас", "ИЛ-76" әуе кемелері қона алатын болады. Әуежай тәулігіне 25-30 ұшақ қабылдап, сағатына 200 жолаушыға қызмет көрсетуге қауқарлы. Әуежай жыл соңына дейін ресми түрде қолданысқа беріледі. Мұнда Ресей, Түркия, Мысыр, Араб әмірліктерінің компанияларын тарту көзделген.