Шәкәрім Құдайбердіұлына арналған ескерткіштің ұзындығы тұғырымен қоса алғанда 7,7 метр. Мүсіндік композиция қоладан құйылып, тұғыры тұтас граниттен жасалған, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Ескерткіш авторы – Нұрбол Қалиев. Мүсінші Шәкәрімнің данышпан бейнесін оң қолына кітап, сол қолына тасбих ұстату арқылы бейнелеп көрсетті. Өнер туындысы Шәкәрім даңғылы мен Қабанбай батыр көшесінің қиылысына қойылды.
– Ескерткіштің ашылуына орай Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев құттықтау хат жолдады. Хатты салтанатты шарада облыс әкімі Нұрлан Ұранхаев оқып берді. Шәкәрім Құдайбердіұлының әдеби мұрасы аса бай. Ол поэзия, проза, аударма, тарих саласында жұмыс істеп, Абай дәстүрінде демократтық-халықтық, гуманистік-халықтық бағыт ұстанған. Оның шығармашылығы қазақ әдебиетінде Абай идеяларын жалғастырушы реалистік дәстүрді қалыптастырды. Оның мұрасының тек қазақ халқы үшін ғана емес, бүкіл түркі және шығыс мәдениеті үшін маңызы зор, – деп хабарлады Абай облысы әкімдігінен.