Семей қаласында тұрғын үй салуда 28,1 миллиард теңге игерілмек

1217

Семей қаласында тұрғын үй салуда 28,1 миллиард теңге игерілмек

Семей қаласының әкімдігінде облыс басшысы Даниал Ахметовтың қатысуымен жиын өтті.

 "Биыл Семейді жылумен қамтуда ешбір қиындық немесе кедергі болмайды деп ойлаймыз. Сонымен қатар, қаланың Қарағайлы шағын ауданында алып кешен "Абай Арена" мәдени-спорттық орталығының құрылысы басталмақ. Семейді дамытуға арналған үш жылдық жоспарға орай қаланың Бас жоспары бойынша барлық тұстары қарастырылып, қолайлы жағдайлар жасауға бағытталған. Осыған дейін облыстық бюджетке аударылатын қаражат, қалалық бюджетте қалдырылып келеді. Соңғы үш жылда қала бюджеті 55 пайызға артып отыр. Әрине, қала әкімдігінен Семей қаласын дамытуға орай жоспарды іске асыруға мұқият болуды талап етеміз" - деді Даниял Ахметов жиында.

Семейде үш жылда ұзындығы 75 шақырым болатын 48 көше жөнделеді деп күтілуде. Семейді дамыту жоспарында Еуропалық қайта құру және даму банкінен қаражат тарту қарастырылып жатыр. Инвестиция есебінен 25,7 шақырым жылу жүйесі жаңартылып, ескі құрылғылар ауыстырылады. 2016 жылы Еуропалық қайта құру және даму банкінің көмегімен 2,6 млрд теңгеге 17 шақырым  жылу жүйесі ауыстырылды. Сумен қамтамасыз ету және кәріз жүйелері де жаңғыртылмақ. Сонымен қатар, ұзақ уақыт бойы қала тұрғындарын алаңдатқан ұзындығы 1,6 шақырымды құрайтын кәріздік дюкер де жөнделеді екен.

Семей қаласында құрылыс саласы даму үстінде. Былтыр 51,2 мың шаршы метр болатын 12 көппәтерлі үй салынып пайдалануға берілсе де, жас отбасылар көбейген сайын биыл бұл аз болып отыр. Алдағы уақытта қаланы дамытудың жоспарына орай халық тығыз қоныстанған аудандарда көппәтерлі тұрғын үйлердің құрылысы мен оларға инженерлік желілерді тарту үшін түрлі қаражат көздерінен 28,1 млрд теңге игерілмек. Қарағайлы ауданында әсіресе, көпқабатты тұрғын үй құрылысы қарқын алатын болады. Мәселен, сегіз көпқабатты үйдің құрылысы 11,1 млрд теңге көлемінде даму институттарының қаржысын тарту есебінен жүргізілмек. Ал 20 көп қабатты үйдің үйдің құрылысына 9,5 млрд теңге көлемінде республикалық және облыстық бюджеттерден қаржы бөлінеді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу