Абай атындағы облыстық әмбебап кітапхананың сирек қорын сақтап, қалпына келтіруге және цифрландыруға арналған жоба АҚШ Елшілерінің мәдени мұраны сақтау қорының (AFCP) қолдауына ие болды.
Жоба аясында көне басылымдар мен сирек қолжазбаларды сақтау көзделген. Олардың қатарында Абай Құнанбайұлының өмірі мен шығармашылығына қатысты тарихи деректер, сондай-ақ ақынның өзі пайдаланған кітаптар бар.
Кітапхана қорында сақталған мұраның тарихи маңызы зор. 1885 жылы Семейге келген америкалық зерттеуші, жазушы және журналист Джордж Кеннан кітапханаға арнайы барып, Абай пайдаланған кітаптармен танысқан. Кейін ол өз еңбектерінде қазақ ойшылы туралы жазып, Абай есімін ағылшын тілді оқырманға таныстырған.
Жоба шеңберінде құнды қолжазбалар мен басылымдар қалпына келтіріліп, цифрлық форматқа көшіріледі. Бұл тарихи мұраны ұзақ уақыт сақтап қана қоймай, оны зерттеушілер мен білім алушыларға қолжетімді етуге мүмкіндік береді.