"Семей машина жасау зауыты" директорының жасырын демалыс бөлмесін Антикор тексеріп жатыр

780

Аталмыш зауыттың жұмысшылары төрт айдан бері жалақысыз жүр.  

"Семей машина жасау зауыты" директорының жасырын демалыс бөлмесін Антикор тексеріп жатыр Фото: inbusiness.kz

Әлеуметтік желіде Семей қаласындағы "Семей машина жасау зауыты" директорының жұмыс бөлмесі көптің талқысына түсіп жатыр.

Желі қолданушылар жұмысшылардың еңбекақысын жарытып төлемей отырған зауыт басшысының кабинетінің тым қымбат жиһаздармен жабдықталғанына наразы. Сонымен қатар, видеода бірнеше жасырын демалыс бөлмесі де көрсетіледі.

- Бұл бейнероликте – Семей қаласындағы "Семей машина жасау зауыты" басқармасының сәнді кеңсесі. Зауытты дамытуға мемлекеттен бөлінген қыруар қаржының басым бөлігін зауыт басшысының кеңсесін жабдықтауға жұмсап жіберген көрінеді. Бұл кеңсе емес, бірнеше құпия бөлмелері мен жасырын бильярд залы бар, барлық жағдай жасалынған таңғажайып сарай дерсіз. Ал, аталмыш зауыттың жұмысшылары төрт айдан бері жалақысыз жүр. Бүгінде жұмыс орынның жұмысшылар алдындағы қарызы - 84 млн теңгені құрап отыр, - деп жазды қоғам белсендісі Мұрат Рақымжан өзінің желідегі парақшасында.

Осыған байланысты ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Семей машина жасау зауыты басшысының кабинетіне қатысты видеоға түсінік берді.

"Биылғы 19 қазанда бұқаралық ақпарат құралдарында "Семей машина жасау зауыты" АҚ директорының кабинетінің видеожазбасы жарияланды.

Бейнежазбаны "Қазақстан инжиниринг" Ұлттық компаниясы" АҚ басшысы Т.К. Әбдірахманов түсірген. Семей машина жасау зауыты "Қазақстан инжиниринг "Ұлттық компаниясы" АҚ-ның қарамағындағы зауыт болып табылады.

"Қазақстан инжиниринг" Ұлттық компаниясы ұсынған ақпаратқа сәйкес, кәсіпорынның 2015 жылдан бері жинақталған шығыны шамамен 1,9 млрд теңгені құрайды, ал кредиторлық берешектің өсуі 3 млрд теңгеден асты. Осы жылдың ақпан айынан бастап зауытқа қатысты сот шешімімен 5 жыл мерзімге оңалту рәсімі қолданылды.

Кредиторлар комитетінің шешімі бойынша биылғы 25 қазаннан бастап зауытта аудиттік тексеру басталады. Қазіргі уақытта осы фактілер бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке ешқандай материалдар мен өтініштер түскен жоқ", - делінген мәліметте.

Бұл ретте, атап өтілгендей, оңалту және банкроттық кезіндегі заңсыз әрекеттермен, сондай-ақ, қасақана банкроттықпен байланысты қылмыстық құқық бұзушылықтармен Экономикалық тергеу қызметі айналысады.

 

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу