Экология және табиғи ресурстар министрлігінің мәліметінше, тілсіз жау бүгін сағат 09:45-те Бородулиха филиалына қарасты Қамышен орманшылығының 57-орамында тіркелген, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Өртті сөндіруге орман күзеті, Төтенше жағдайлар министрлігінің қызметкерлері және арнайы техника жұмылдырылған.
– Қазіргі уақытта өртті сөндіруге мемлекеттік орман күзетінің 7 қызметкері, 1 автоцистерна, 1 кіші орман өрт сөндіру патрульдік кешені, 1 трактор, ТЖМ-нің 30 қызметкері мен 8 техникасы, сондай-ақ "Қазавиаорманқорғау" РМҚК-ның Bambi Bucket су төгу құрылғысымен жабдықталған әуе кемесі жұмылдырылған, – делінген министрлік хабарламасында.
Өрт орнына қосымша күштер де жіберілді. Оның ішінде 2 автоцистерна, 2 трактор, 1 кіші орман өрт сөндіру патрульдік кешені және 11 орман күзеті қызметкері бар.
Сонымен қатар AS350 тікұшағы, 4 әуе өрт сөндіру десантшысы және Қатон-Қарағайдан Ми-8 тікұшағы тартылды.
ҚР ТЖМ таратқан ресми мәліметке сүйенсек, өртпен күресу үшін тартылған тікұшақтар өрт ошақтарына жалпы көлемі 15 тонна су төкті. Бұл жану аумақтарын оқшаулауға мүмкіндік береді.
ТЖМ жедел штабы барлық жұмылдырылған қызметтердің іс-қимылын үйлестіруде. Өртті жою жұмыстары жалғасуда, жағдай ведомствоның тұрақты бақылауында.