Семей полигоны: Сынақ болған жерге жауапты ұйым жоқ

777

Семей сынақ полигоны аумағы 18,5 мың шаршы шақырым.

Семей полигоны: Сынақ болған жерге жауапты ұйым жоқ Фото: inbusiness.kz

Жарылыс  болған жерлердің зардабы белгілі болғанмен, деңгейі толық анықталмаған.

Оған қоса уланған төңіректе ашық-шашық жатқан аумақ көп. Бірақ, оған жауапты ұйым жоқ. 
Полигонның сынақ болған жерін толыққанды зерттеп, ол өңірде тұратын халықтың радиациялық қауіпсіздігін күшейту үшін,  жақында Президент "Семей ядролық қауіпсіздік аймағы" туралы заңға қол қойды.

Мамандардың есептеуі бойынша бұрынғы Семей сынақ полигоны аумағы 18,5 мың шаршы шақырым, соның басым бөлігі радиациямен уланған. Оған Абай, Қарағанды, Павлодар облыстарының аумағы кіреді. 

-Біз енді 50 ден аса елді мекендерде зерттеу жүргіздік. Сол радиоактивті заттардың жерде, суда, өсімдікте қаншасы бар екендігін анықтадық. Жануарлардың етінде, сүтінде бар.

Радиоактивті заттардың болуының өзі біршама кедергілер тудырады. Аурулар тудырады.

Радиоактиівті заттардың бір қасиеті организмге қордаланады", дейді Ветеринария ғылымдарының докторы, профессор Серғазы Дүйсенбаев. 

Адам ағзасына түскен радионуклидтер ұрпақтан-ұрпаққа беріледі. Қазір Семей өңірінде түрлі созылмалы аурулар мен қатерлі ісік дертіне шалдыққандардың тым көп болуы да соның айғағы дейді ғалымдар.

Қазақстан Республикасы Ұлттық ядролық орталық мамандары да 90-шы жылдардан бері сынық жүрген жердегі  суды, топырақ пен ауаны, жан-жануар мен адамдарды зерттеген.

Сәулеленген 4000 мыңнан астам нысанды тексерген. Нәтижесі көңіл көншітерлік емес.   

-    Зерттеу барысында радиацияның жер асты сулары арқылы таралғандығын да анықтадық. Оған қоса өте зиян "тритий" изотопының барлығы да белгілі болды. Адам жарылыс болған жерде тұруы мүмкін. Бірақ, ағзасы сәулеленіп жатқаннын сезбейді. Өйткені, қазір ашық жатқан жерлерге нақты ие болып отырған ешкім жоқ. Жаңа заң күшіне енген соң осы олқылықтар реттелер еді", дейді, ҚР ҰЯО радиациялық қауіпсіздік институты директорының орынбасары Евгения Мустафина.

Егер полигон аумағы заңмен реттелсе, ол жерлерді залалсыздандыруға  болады. Бірақ, қазір уланған төңіректің дені картаға түсірілгенмен қоршаусыз қаңырап жатыр. Ондағы бос жатқан жерлерге халық малын бағып, суын ішіп отыр.

Атом жарылыстары салдарынан пайда болған көлден балық аулап жүр. Сондықтан кешенді түрде зерттеулер жүргізіп, қай аумақтың адам ағзасына зияндылығы нақтылануы тиіс. Қауіпті аймақ қоршауға алынып, адамдардың кіруіне тыйым салынуы қажет", дейді мамандар. Кешенді зерттеулерді жандандыру үшін Ғылым және жоғары білім министрлігі де бірнеше жобаны іске асыруға дайын. Ол үшін Семейдегі Шәкәрім университеті базасында ірі зерттеу орталығы құрылмақ.  

-    Қазірдің өзінде 13 үлкен ғылыми жобаларын дайындады, Шәкәрім университетінің ұжымы, ғалымдары. Тікелей Курчатов қаласына және ядролық полигонға қатысты бірнеше тақырыптарымыз бар. 400 миллион теңгеге дейін қаржыландыру көмегін беруге дайынбыз. Оның барлығы Семей ядролық полигонынын зерттеуге бағытталады, дейді ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек. 

"Семей ядролық қауіпсіздік аймағы" туралы жаңа заң келер жылдың қаңтар айында күшіне енеді. Құжат бұрынғы полигон маңында тұратын халықтың радиациялық қауіпсіздігін күшейту үшін қажет. Ал табиғаты ластанбаған, экологиялық ахуалы жақсы жерлерді ауылшаруашылығы және өндірістік мақсатта ел игілігіне беруді көздейді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу