Семей қаласының тұрғыны мысығының кір жуатын машинада өлгені туралы видео жариялады. Абай облысының полиция департаменті жануардың иесін әкімшілік жауапқа тартты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Оқиға туралы мысықтың иесі Treads желісінде жазды. Әйел адам жануарды байқамағанын, кір жуу режимін қосқанын айтқан. Бұл оқиға желі қолданушылары арасында талқыға түсті.
Облыстық полиция департаментінің хабарлауынша, 18 сәуірде Семей қаласының тұрғыны әлеуметтік желідегі парақшасында кір жуғыш машинада мысықтың өлімі туралы бейнежазба жариялаған.
"Тексеру барысында бұл оқиғаның абайсызда болғаны анықталды. Аталған факті бойынша 19 сәуірде үй жануарының иесі жануарларға жауапкершілікпен қарау саласындағы Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес оған 10 АЕК мөлшерінде айыппұл салынды", – деп хабарлады полиция.