Семей ядролық сынақ полигоны салдарынан зардап шеккендердің құқығын қорғау керек – Серік Егізбаев

Халық қалаулысы Премьер-Министр Олжас Бектеновке депутаттық сауал жолдады.

Семей ядролық сынақ полигоны салдарынан зардап шеккендердің құқығын қорғау керек – Серік Егізбаев Фото: Мәжіліс

Оның сөзінше, "Ауыл" партиясы фракциясының атына "Полигон-21 комитеті" қоғамдық бірлестігінен өтініш келіп түскен, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты. 

Өз кезегінде, Семей ядролық сынақ полигоны салдарынан зардап шеккен азаматтардың құқықтарын қорғау мақсатында құрылған ұйым дабыл қағып отыр. 

– Семей ядролық сынақ полигонын жабу туралы тарихи шешім қабылданса да, қоғамдық ұйымдар мен бейінді ұйымдардың айтуынша, ядролық сынақтардың зардабы әлі күнге дейін сезіліп отыр. Әсіресе, Абай, Шығыс Қазақстан, Павлодар және Қарағанды облыстарында бұл мәселе – өте өзекті.  "Семей ядролық сынақ полигонындағы ядролық сынақтардың салдарынан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қорғау туралы" Қазақстан Республикасының Заңы сонау 1992 жылы қабылданған. Одан бері бірталай уақыт өтті, сондықтан қазіргі заманғы әлеуметтік, медициналық және ғылыми талаптарды ескере отырып, бұл заңды жаңартатын кез келді деп есептейміз, – дейді депутат. 

Серік Егізбаевтың сөзінше, қоғам тарапынан әлеуметтік көмектің аздығы, өтемақы есептеу жүйесінің ескіргені және халықты медициналық оңалту мәселесінің бірізге түспегені жиі айтылып жүр. 

Сонымен қатар, 2023 жылғы 5 шілдеде қабылданған "Семей ядролық қауіпсіздік аймағы туралы" Заңның қаншалықты нәтижелі жүзеге асырылып жатқанына да ерекше назар аудару керек.

Депутат осы мәселелерді ескере отырып бірнеше мәселені мысал етті. Олардың қатарында: 

– қазіргі заманғы әлеуметтік, медициналық және ғылыми талаптарды ескере отырып, "Семей ядролық сынақ полигонындағы ядролық сынақтардың салдарынан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қорғау туралы" Қазақстан Республикасының Заңын кешенді түрде жаңарту мәселесін қарастыру;

– бұрынғы Семей ядролық сынақ полигоны аумақтарында экологиялық мониторинг шараларын күшейтуді және осы салада ашық қоғамдық бақылауды қамтамасыз ету;

– Семей ядролық сынақ полигоны салдарынан зардап шеккен аумақтар мен халықты кешенді оңалту жөнінде мемлекеттік бағдарлама әзірлеу мүмкіндігін зерделеу;

– зардап шеккен аймақтарда арнайы медициналық орталықтар ашу;

– жыл сайын халықты тереңдетілген медициналық тексерістен өткізу;

– зейнеткерлер мен мүгедектігі бар азаматтарды дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету;

– санаторий-курорттық емдеу мүмкіндіктерін кеңейту;

– экологиялық мониторинг пен қоғамдық бақылауды күшейту;

– ғылыми зерттеулерді қаржыландыруды молайту мәселелерін қарастыру бар. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу