Семей қаласында "Нұрлы жол" бағдарламасына бөлінген 1,7 млрд теңге игерілмей тұр. Бұл туралы облыс әкімдігінің аппараттық кеңесінде айтылды. Аймақ басшысы Даниал Ахметов қала әкіміне бұл келеңсіздікті жыл аяғына дейін жоюды жүктеді, деп хабарлайды altaynews.kz.
Биыл бұл бағдарлама бойынша бес бірдей білім ошағы бой көтеруге тиіс болған. Ол үшін 3,1 млрд теңге қарастырылғанымен, толық игерілмеген. Ал Аягөз қаласындағы 600 орындық екі мектептің бірінде құрылыс кестеден кешігіп, бөлінген қаржының 36 пайызы әлі пайдаға асырылған жоқ..
Осы бағдарлама бойынша 2017-2018 жылдарда жалпы құны 5,7 млрд теңге болатын 11 инженерлік жоба жүзеге аспақ. Оның жетеуі биыл бітуге тиіс.
"Семей қаласында қолға алынған төрт жобаның қаржысы сылбыр игерілуде. Кестеге сүйеніп айтсақ, қаржы игеруде 1,7 млрд теңгедей қалып келеді", — дейді облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Алмат Арсыламбаев.