"Туған жерге туыңды тік" инвестициялық форумы аясында Семей қаласы әкімдігі мен KAZ Minerals ЖШС арасында меморандум жасалып, 25 мың көрерменге арналған стадион салу жоспарланған, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Жер телімінің жалпы аумағы – 20 гектар. Қазіргі уақытта 25 мың орындық стадионның құрылысын жүргізетін мердігер ұйыммен үш жақты келісімшарт жасалып, аумақ қоршалып, жерді қазу, тегістеу жұмыстары басталды.
Жобаға сәйкес аумақта асфальтбетонды жолдар мен алаңдар қарастырылған. Архитектуралық-жоспарлау және инженерлік-құрылымдық шешімдерді әзірлеу барысында аймақтың табиғи-климаттық және геологиялық ерекшеліктері толық ескерілді. Стадион құрылысы 2 жылдан кейін аяқталатын болады.
"Бүгін стадионның құрылыс жұмыстары басталды. Осы жұмысты бәсеңдетпей, жалғастыру қажет. Қаржысы кезең-кезеңімен бөлінетін болады. Бұл – семейліктердің көптен күткен жаңалығы. Семей – қазақ футболының отаны. Қала тұрғындары футболды жақсы көреді. Сол себепті осындай стадион керек. Көптен бері айтылып жүр. Нысан әзірге Астана, Алматы, Ақтөбеден кейінгі сыйымдылығы жағынан құрылысы жоспарланған стадиондардың арасында 4-орынды алады. УЕФА-ның матчтарын қабылдауға мүмкіндік туады, олардың стандарттарына сай келеді. Бұл жаңа ықшамауданда әлі де қаншама нысандардың құрылысы басталады. Жақын арада маңғыстаулықтар алғаш болып қоршау қойып, жұмыстарын бастайын деп отыр. Ең бастысы, Үкімет тарапынан келісім бар. Құжаттар рәсімделгеннен кейін жұмыстар басталады", – деді аймақ басшысы Берік Уәли.