Семейде дүкеннен шыққан өрттен 30 адам құтқарылды. Оның алтауы бала. Бұл туралы ҚазАқпарат Семей қалалық ТЖБ сілтеме жасап хабарлайды.
Өрт Шәйжүнісов көшесінде, 152 мекенжайында орналасқан 5 қабатты тұрғын үйдің 1-қабатында орналасқан дүкеннен шыққан. Салдарынан дүкендегі темекі сөресімен өзге де дүниелер жанып кетті. Жалпы аумағы 10 шаршы метр.
Өртті ауыздықтау кезінде тұрғын үйден 30 адам қауіпсіз жерге көшірілді. Оның алтауы бала. Ал түтінге уланған 42 мен 19 жастағы тұрғын ауруханаға жеткізілді. Оларға медициналық көмек көрсетілгеннен кейін үйлеріне жіберілді.
"Өрттің себебі ретінде электр құрылғылар жұмысының апаттық режімі мен отты абайсызда қолдану нұсқалары қаралуда. Қазір кінәлілер мен келтірілген шығын көлемі анықталып жатыр", - делінген хабарламада.