Семейде әскери қызметші аса ірі мөлшерде аляқтық жасағаны үшін сотталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Семей гарнизонының әскери соты аймақтағы әскери бөлімдердің бірінің бұрынғы әскери қызметшісіне қатысты сот үкімін шығарды.
Анықталғандай, сотталушы 2013 жылы қызметтік тұрғын үйді заңсыз алу, кейіннен ол үшін ақшалай өтемақысын алу мақсатында өзінің пәтерін жақын туысына қағаз жүзінде сыйға тартқан. Сөйтіп өзінің тұрғын үй жағдайын қасақана нашарлатқан. Сол жылы Халыққа қызмет көрсету орталығының қызметкерлерінің техникалық қателіктер жіберуі салдарынан жылжымайтын мүлік туралы анықтамада оның жеке меншігінде баспана жоқ екені көрсетілген. Аталған мәліметтердің жалған екенін біле тұра, ол тұрғын үй комиссиясына қызметтік пәтер алу үшін кезекке тұруға құжаттарын өткізген.
2017 жылы әскери қызметші мемлекеттен қызметтік тұрғын үй алып, оны еңбек сіңірген жылдарына байланысты жекешелендіру құқығына ие болады. Алайда үй жекешелендіруге жатпағандықтан, жекешелендіру құқығының орнына 17 000 000 теңгеден астам ақшалай құны төленеді. Осылайша ол заңсыз әркеттері арқылы мемлекетке аса ірі мөлшерде залал келтірген.
"Сот отырысында азамат өзінің кінәсін толықтай мойындап, жасаған қылмысы үшін өкінді. Бүгінгі күні мемлекетке келген залалдың орны толған жоқ. Сондықтан айыпкерге сот бес жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Бірақ 13 жастағы баласын ескеріп, аталған жазаны баласының 14 жасқа толғанына дейін мерзімге кейінге қалдыру қажет деп санады. Үкім заңды күшіне енген жоқ",– деді Семей гарнизоны әскери сотының бас маманы Жамал Бекенова.