Қазақстан мен Аустралия жоғары білім және ғылым бағытындағы байланыстарды жаңа деңгейге шығаруды көздеп отыр. Бұл мәселе Қазақстанның Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің Аустралиядағы Мёрдок университетінің өкілдерімен кездесуінде талқыланды.
Кездесу барысында Шәкәрім университеті мен Мёрдок университеті арасындағы стратегиялық серіктестікті кеңейту, сондай-ақ Семей қаласында Аустралия университетінің филиалын ашу мүмкіндігі сөз болды.
Тараптар академиялық және ғылыми байланыстарды дамытуға бағытталған өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды. Құжат аясында бірлескен білім беру және зерттеу жобаларын жүзеге асыру, студенттер мен оқытушылардың академиялық ұтқырлығын арттыру, ортақ білім беру бағдарламаларын әзірлеу және ғалымдар мен сарапшылар алмасуын жолға қою жоспарланып отыр.
Келіссөздерде Шәкәрім университетінің базасында Мёрдок университетінің филиалын құру мәселесіне де ерекше мән берілді. Тараптар филиалдың жұмыс істеу үлгісін, мамандар даярланатын бағыттарды, сондай-ақ қажетті академиялық, ұйымдастырушылық және инфрақұрылымдық жағдайларды қарастырды.
Сонымен қатар Абай облысының әлеуметтік-экономикалық дамуына қажетті мамандар даярлау, өңірдің ғылыми әлеуетін арттыру және халықаралық білім беру тәжірибесін енгізу мәселелері талқыланды.
Мёрдок университеті филиалының ашылуы Қазақстан мен Аустралия арасындағы білім және ғылым саласындағы байланысты нығайтып, халықаралық тәжірибе алмасуға және Семейдегі білім беру мүмкіндіктерін кеңейтуге жол ашуы мүмкін.
Кездесу соңында тараптар бірлескен ғылыми-білім беру жобаларын дамыту және Семейде Мёрдок университетінің филиалын ашу жөніндегі жұмысты жалғастыруға келісті.