Семейде балық аулап отырған 12 жастағы баланы бірнеше жасөспірім соққыға жыққан, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Желіде таралған алдын ала ақпаратқа сүйенсек, 4 шілде күні Ертіс өзенінде балық аулап отырған 12 жастағы ұл баланы 14-15 жастағы бірнеше жасөспірім аяусыз соққыға жыққан. Басында жасөспірімдер ұл балаға тас лақтырған. Кейін оны суға итеруге тырысқан. Зардап шеккен бала қашып кетпек болғанда оны қуып жетіп, ұрып-соққан.
Салдарынан ұл бала жарақат алып, көгерулер анықталған, сондай-ақ қатты психологиялық күйзеліс алған. Апасының сөзінше, шабуыл жасағандар анықталғанымен, жасөспірімдер кінәсін мойындамаған әрі баладан кешірім сұрамаған көрінеді.
Абай облысы бала құқықтары жөніндегі уәкіл Эльзира Жүнісова осы жағдайға қатысты пікір білдірді.
"Баланың анасымен байланыстамын. Психологиялық қолдау орталығының көмегі ұсынылды. Бұл дерек бойынша ҚР ҚК 107-бап бойынша қылмыстық іс қозғалды. Сот-медициналық сараптама тағайындалды", – деді Эльзира Жүнісова.