Семейде гибридті ота залы ашылады. Бұл туралы ШҚО әкімі Даниал Ахметовтың Семейге жасаған іссапары барысында анықталды, деп хабарлайды altaynews.kz.
Гибридті ота залы қаладағы жедел медициналық жәрдем ауруханасында орналаспақ. Бұған қоса Шығыс Қазақстандағы денсаулық сақтау жүйесін кешенді дамытудың 2017-2019 жылдарға арналған жоспарына сәйкес, медицина мамандары шетелдің үздік клиникаларында біліктілігін арттыруды жалғастырады. Осы мақсатқа жергілікті қазынадан шамамен 1 млрд теңге қаржы жұмсалмақ.
Оқыту бағдарламасы үш деңгейлі болады. Былтыр осы кешенді жоспар негізінде аймақтың 61 медицина өкілі Еуропаның озық клиникаларында білімін жетілдірген еді.
"Аурухананы гибридті ота бөлмесімен қамту — кезек күттірмейтін мәселе,- дейді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марат Шоранов. — Және де бұл жоғары технологиялық медициналық қызмет түрлерін тұрғындарға қолжетімді етпек".