Соңғы мәліметтер бойынша Семейде барлығы 300-ден астам үйге зақым келген. Соның ішінде 150-ге жуық баспананың ауласында су әлі де көлкіп тұр. Әсіресе Пристань ауданы және Мирный кенттерінде жағдай күрделі, деп хабарлайды 24.kz.
Кейбір көшелерде тұрғындар қайықпен қатынап жүр. Қаланың коммуналдық қызметі мен төтенше жағдайлар мамандары қалпына келтіру жұмыстарын күні-түні атқарып жатыр. Сонымен қатар жалпы салмағы бір жарым тонна болатын жарылғыш заттар арқылы 2 рет мұз жару жұмыстары сәтті аяқталды.
Арнайы құрылған комиссия қалалық әкімдікте тұрғындардың арыз-шағымдарын қабылдай бастаған. Нақты шығындар әлі есептелген жоқ. Су деңгейі де 2 метр 83 сантиметрге түскен, бұл 3 күн бұрынғы көрсеткішпен салыстырғанда 2 есе төмен.
"Кешегі жағдай бойынша қарап қандай зақым келді деген сияқты, оны ертең акт жасап, бәрін қарастырып, ертең кісілерге көмек көрсетеміз", - дейді қала әкімінің төтенше жағдайлар бойынша көмекшісі Берік Түсіпов.