Семейде автобусқа отырған оқушы қызды кондуктор күннің суығына қарамай көліктен түсіріп жіберген. Кондуктордың бұндай әрекетіне ашынған жұрт желіде қызу талқыға салды.
Оқиға Семей қаласындағы №25 маршруттағы автобуста болған. Сабақтан шығып, қоғамдық көлікке отырған 8 сынып оқушысы кондукторға мың теңге жолақы төлеген. Бірақ, кондуктор "қалдық ақшаны қайтаруға тиын жоқ" деп, қызды келесі аялдамадан түсіріп жіберген. Аязда бірнеше аялдама жаяу жүрген қызды анасы таксимен алып қайтқан. Аталған мәселені журналист Азамат Қасым өзінің әлеуметтік желісіне жазды.
- Бүгін Семейде мынадай жағдай болыпты. Қаладағы N23 мектепте 8 сыныпта оқитын қыз сабақтан шығып, N25 маршруттағы автобусқа отырыпты. Кондукторға мың теңге берсе, "здача жоқ" деп келесі аялдамадан түсіріп кетіпті. Байғұс бала екі-үш аялдама жаяу жүріп, оған қоса соткасы өшіп, әзер дегенде анасына хабарласыпты. "Қызым әбден тоңып қалыпты. Таксимен барып, үйге алып келдім. Әйтеуір, аман-есен ғой деп үндемедім" дейді қыздың анасы.
Анасынан сұрағанда айтқаны: оқушы сағат 5-тер шамасында Пестеля көшесінен Таткрай жаққа бармақ болған. "Кондуктор орысша сөйледі, ер адам" депті қыз. Осы жағдайға байланысты қала әкімі Нұрбол Нұрсағатов N25 бағыттағы автобустың кондукторына шара қолданса, автобус паркі басшылығына ескерту жасаса деген өтініш бар. Мұндай жағдай болашақта қайталанбас үшін, - деп жазды Азамат Қасым.
Аталған мәселе әлеуметтік желіде қызу талқыға түсіп жатыр. Желі қолданушылар құзырлы органдардан кондукторды жауапқа тартуын талап етуде.
- Ақшаға бола қыз баланы жолға түсіріп кеткені үшін кондукторды жауапқа тарту керек. Тиыны жоқ болса бір жөн, 1000 теңгеге қайтаратын теңге жоқ деп түсіріп кетуге кондуктордың қандай құқығы бар? Қыз бала бірдеңеге ұрынса кім жауап береді? Ата-анасы полицияға шағымдануы керек. Әкімшілік жауапқа тартылса да, айыппұл төлесін, - дейді Гүлнар Мағзұмова есімді желі қолданушысы.
Семей қаласының әкімдігі болған жағдайға қатысты түсініктеме беріп, тиісті шаралар қолданылатынын айтты.
- №25 маршруттағы қоғамдық көлікке"АвтоТрансСемей" ЖШС қызмет көрсетеді. Әкімдік тарапынан тасымалдаушы кәсіпорынға кондукторға қатысты шаралар қабылдау туралы хабарлама жіберілді. Қоғамдық көлік қызметкеріне қатысты қабылданған шараны қосымша хабарлаймыз. Сондай-ақ, әкімшілік Кодекстің 571 және 685-баптарына сәйкес автомобиль көлігімен жолаушылар мен багажды тасымалдау ережелерін бұзу бойынша айыппұл салуға полиция басқармасы құқылы, - дейді Семей қаласының әкімдігі.