Cемей қаласының 299 жылдық мерейтойы күн райының суықтығына қарамастан, ерекше аталып өтілді, деп хабарлайды altaynews.kz.
Қаланың әр ауданында мерекелік концерттер, сауда-саттық, қолөнер туындыларының көрмелері, спорттық шаралар ұйымдастырылды. Орталық саябақта қала әкімі Ермак Сәлімов зауыттар мен кәсіпорындарда жұмыс істейтін еңбекқор отбасыларға сый-сыяпат тапсырды.
Қалалық мәдениет үйінде Алаштың 100 жылдығына арналған "Аламан айтыс" өтті. Қалалық "Арбат" көшесінде суретшілер мен мүсіншілер қала көшелерін бейнелеген жеке туындыларын халық назарына ұсынды.
Ертіс жағалауында дәрігерлер де ән салып, би билеп өз өнерлерін ортаға салды. Осында әкелінген "Юнис" шұлық-нәски фабрикасының өнімдерін қала жұртшылығы жаппай сатып алды. Ал "СемАЗ" ЖШС-інің тракторлары мен Силикат зауытының түрлі-түсті кірпіштері де келушілердің көзайымына айналды. Халық осы өндіріс өнімдеріндегі "Made in Semey" деген жазуды көріп, ризашылықтарын жеткізді. "Шығыс" саяжайының тұрғыны Нұрбол Айшуақов мерекеге 15 келілік асқабақ әкеліпті. Кешке қарай концерттік бағдарлама ұйымдастырылды. Қала күні түн ортасына дейін мерекеленді.