Семейде қызметтік көліктер жеке мақсатта пайдаланылған

477

Заңды тұлғалардан 10-нан астам өтініш түскен.

Семейде қызметтік көліктер жеке мақсатта пайдаланылған Фото: carsWeek

Семейде мемлекеттік қызметкерлер қызметтік көлікті жеке мақсатта пайдаланды деген күдікке ілінді. Куәгерлер монша, сауна, кафе, мейрамхана маңында қызметтік көліктердің тұрғанын байқаған, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты abainews.kz порталына сілтеме жасап.

ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Абай облысы бойынша департаменті соңғы екі айда мемлекеттік органдарға тиесілі қызметтік көліктерді мемлекеттік қызметшілердің жеке мақсатта пайдалануына қатысты жеке және заңды тұлғалардан 10-нан астам өтініш түскені туралы хабарлады. 

"Көрсетілген арыз негізінде Семей қаласы мен аудандарда демалыс және мереке күндері қызметтік көліктерді пайдалану фактілері бар, куәгерлер көліктердің монша, сауна, кафе, мейрамхана және т.б орындарда тұрғанын көрсетті", - деп делінген агенттік мәлімдемесінде.

Сондай-ақ, департамент қай мемлекеттік орган қызметкері жұмыс уақытынан тыс кезде қызметтік автокөліктерді пайдаланғаны туралы ақпаратты анықтау үшін Абай аудандық полиция басқармасына және басқа да құзырлы мемлекеттік органдарға жазбаша сауалдар жолдаған. 

"Арыз-шағымдарды қарау қорытындысы бойынша департамент заңнамаға сәйкес шаралар қабылдап, кінәлі лауазымды тұлғаларды тәртіптік жауапкершілікке тарту мәселесі қаралады. Мемлекеттік мүлік тек мақсаты бойынша пайдаланылуы тиіс. Заңға қайшы әрекеттер жасау мемлекеттік қызметшілер тарапынан қоғамның теріс көзқарасын тудырып, халықтың мемлекеттік органдарға деген сенімін жоғалтуға әкеп соқтырады", - деп толықтырды Мемлекеттік қызмет істер агенттігінің Абай облысы бойынша филиалы.

Сонымен қатар Мемлекеттік қызметшілердің қызметтік қажеттілікке байланысты жұмыс уақытынан тыс және мереке күндері жұмысқа кіруі олардың келісімі негізінде жұмыс берушінің тиісті актісімен ресімделетіні атап өтілген.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу