Абай облысының білім басқармасы 6-сынып оқушысының соққыға жығылуы дерегі бойынша пікір білдірді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты
Ведомство полиция аталған факті бойынша тергеу жұмыстарын жүргізіп жатқанын еске салды. Бүгінде жәбірленушіге сот-медициналық сараптама жасалып, психологиялық көмек көрсетіліп жатыр.
"Қосымша мәліметтер сараптама нәтижелері шыққан соң белгілі болады. Қазіргі таңда бұл мәселенің алдын алу және болдырмау құқық қорғау органдарының тікелей құзыретіне жатады. Тергеу нәтижелері бойынша оқиғаға қатысушылар есепке алынып, олардың ата-анасына қатысты тиісті шаралар қабылданады. Бүгін қалада кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі комиссияның отырысы өтеді, онда құқық қорғау саласындағы қажетті шаралар қарастырылады", – делінген хабарламада.
Осы жағдай бойынша облыстық білім басқармасы жанынан мониторингтік топ құрылды.
"Білім басқармасы қызметтік тексеріс жүргізіп жатыр. Оның қорытындысы бойынша мектеп басшылығының тәрбие және бақылау жұмыстарындағы жауапкершілігі қаралады. Жағдай білім басқармасының қатаң бақылауында", – деп хабарлады басқарма.
Айта кету керек, осыған дейін Семейде алтыншы сынып оқушысын ұрып-соғу дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалғанын жазғанбыз.