Семейдегі Ядролық медицина және онкология орталығында "Өңеш, өкпе және сүт безі қатерлі ісіктерін емдеудегі жоғары мөлшерлік брахиотерапия" бойынша халықаралық шеберлік сағаты өтті. Осы мақсатта Варшавадан радиациялық онкологтер әрі медициналық физиктер келген еді, деп хабарлайды kaz.altaynews.kz.
Айта кету керек, онкоорталықтың төрт қызметкері (анестезиолог дәрігер, 2 радиолог дәрігер және медициналық физик) Польшадағы Мария Кюри атындағы онкологиялық орталық пен Варшава қаласындағы ІІМ-нің клиникасында оқыту курсынан өткен. Соған сәйкес, радиолог дәрігерлер жоғарымөлшерлік 3D брахиотерапия бойынша білімдерін шыңдады.
Семейдегі Ядролық медицина және онкология орталығында өңеш, тері және сүт безі қатерлі ісіктерін емдеудегі брахиотерапияны енгізу көзделуде. Бүгінде Қазақстанда гинекологиялық патологиялар мен тік ішек жараларын емдеу бойынша ішкі қуысты брахиотерапия жүзеге асырылып келеді. Ал мұндай шеберлік сағаты – тұңғыш рет Қазақстанда сүт безі, өкпе және өңештің қатерлі жарасын ішкі қуысты брахиотерапиямен сауықтыруға септеспек.
Әдістің ерекшелігі сол, радиациялық әсер қысқа радиустың көмегімен ауру ошағына дәлме-дәл жетеді. Жоғары мөлшердегі сәулелік терапия сау ағза мүшелері және ішкі қуыстарға тимей ем алуға жол ашады. Ақ халаттылар сәулелік емдеуде брахиотерапия әдісін қолдану жағымсыз әсерлерді азайтуға үлесін тигізетінін айтты. Бұл бірінші кезекте сау қуыстарды сақтауға әрі рецидивтерді болдырмайды екен. Осы арқылы өмір сапасын жақсартуға болады дейді дәрігерлер.
Тағы бір айта кетерлігі, облыс әкімінің бастамасымен үшжылдық оқыту бағдарламасына арнайы қаржы бөлінген-ді. Соның негізінде өңір онкологтерінің біліктіліктерін арттыру қарастырылған. Мәселен, үстіміздегі жылы семейлік 11 маман, Жапония мен Польшада білімдерін шыңдап қайтқан.