Семей қаласында сіріңкемен ойнаған алты жасар бала көлікті өртеп жіберді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
– Тексеру барысында тәртіп сақшылары оқиға орнына жақын орналасқан бейнебақылау камераларының жазбаларын зерттеді. Нәтижесінде өрт шықпас бұрын көліктің жанында үш кәмелетке толмаған баланың болғаны анықталды. Алдын ала мәлімет бойынша, 6 жасар бала сіріңке жағып ойнап, көліктің жанындағы құрғақ шөпті тұтатқан. Жалын тарала бастағанда балалар қорқып, оқиға орнынан қашып кеткен. Бұл жайт кәмелетке толмағандардың заңды өкілдерінен алынған түсініктемелер барысында да расталды, – делінген Абай облыстық полиция департаменті ақпаратында.
Полицияның хабарлауынша, қолданыстағы заңнамаға сәйкес, кәмелетке толмаған баланың әрекетінен келтірілген материалдық шығын үшін оның заңды өкілдері жауап береді.