Семейде жергілікті университеттің бірінде 4-курста студент демалыс уақытында ақша табу үшін құрылысқа барған. Алайда цемент араластыратын құрылғы қосылып кетіп, оның бір қолын турап тастапты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты КТК арнасының сайтына сілтеме жасап.
20 жастағы Асылжан оң қолынан айырылғанына әлі сенбейді. Оқыс оқиға құрылыс нысандарының бірінде болған. Заң факультетінің 4-курс студенті демалыс уақытында,маңдай терімен қаражат таппақ болған. Алайда цемент араластыратын құрылғының ішін тазалап жатқанда, апарат кенет қосылып кетен.
"Құрылғыны өшіріп, ішіндегісін лақтырдым. Күрек жетпей қалды. Кішкентай қалақпен қолымды тыққанмын. Білмеймін, қалай болғанын. Өз бетімен қосылып кетті. Көзімді ашсам, жерде жатырмын. Қасымда бәрі шыр айналып жүгіріп жүр. Бәрі бұлыңғыр болып кетті", – деді Асылжан Кәлелов.
Ес-түссіз қалған жігітті жедел жәрдем қызметі ауруханаға жеткізген. Дәрігерлер оған дереу ота жасап, қолын кесуге мәжбүр болған. Ал ата-анасы аурухана төсегіне таңылған баласының хәлін сұрап, бірде-бір адам төбе көрсетпеді дейді. Тіпті олар құрылыс алаңында шашылған саусақтарды да өздері жинап алыпты.
Абай облысы мемлекеттік еңбек инспекциясы департаментінің хабарлауынша, оқиғаның мән-жайы мен себебін анықтау үшін арнайы комиссия құрылып, тергеп-тексеруге кірісті.