Семейде ерекше бала тәрбиелеп отырған ата-ана ұлдарына тәрбиеші тарапынан қорлық көрсетілгенін айтады, деп жазады inbusiness.kz сайты.
KTK хабарлауынша, 5 жастағы баланың сөйлеу қабілетінің дамуы кешеуілдеген. Ол болған жағдайды түсіндіріп айта алмаған, тек жылаумен шектелген. Себебін түсінбеген ата-анасы бақшадағы бейнежазбаны қарайды. Кадрларда тәрбиеші баланы жиі тартып, дөрекі әрекет жасағаны байқалады.
Ал баланы ұйықтататын кезде тәрбиеші оның үстіне көрпені жауып, өзі үстінен басып отырған.
"Бұл видеоны көргенде бірден 102-ге қоңырау шалдым. Полиция келіп, іс қозғады. Бұл 10 қыркүйектен бері жүріп жатыр. Осы істі соңына дейін жеткізуге көмектесіңіздер, ол енді жұмыс істемеуі керек. Балалармен жұмыс істей алмайды. Видеода ұлымды қалай тұншықтарғаны көрініп тұр!" – дейді зардап шеккен баланың анасы Арай Аралханова.
Ал тәрбиеші өз кінәсін мойындаған жоқ. Ол әрекетін "баланы осылай тыныштандырдым" деп түсіндіреді.
Қазір полиция аталған дерек бойынша "Кәмелетке толмағанды тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді орындамау" бабымен тергеу бастады.