Семейде кәмелетке толмаған жасөспірім ұлттық алауыздықты қоздырғаны үшін 1 жыл 4 ай мерзімге бас бостандығы шектелді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты
Абай облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты ұлттық алауыздықты қоздырды деп айыпталған жасөспірімге қатысты қылмыстық істі қарады (ҚР ҚК-нің 174-бабы).
Сотта анықталғандай, 2025 жылдың ақпан айында кәмелетке толмаған Б. нәсілшіл "скинхедтер" қозғалысының көзқарастарын қолдай отырып, Telegram мессенджерінде "Skinheads industries-Semey" атты чат құрған. Топтың әкімшісі бола отырып, ол адамдарды ұлттық белгісі бойынша кемсіткен, атап айтқанда, Үндістаннан келген студенттер мен олардың мәдениетін қорлайтын мәтіндік және аудио хабарламалар жариялаған.
Сонымен қатар жасөспірім чат қатысушыларын өз көзқарастарын қолдауға және басқа адамдарды, соның ішінде кәмелетке толмағандарды да осы қауымдастыққа тартуға шақырып, Семей қаласының аумағында экстремистік идеяларды таратуға әрекет жасаған.
Жасөспірім өз кінәсін толық мойындап, жасаған ісіне өкініш білдірді.
Сот жаза тағайындау кезінде оның кәмелетке толмағанын, кінәсін мойындағанын және бұрын қылмыстық жауаптылыққа тартылмағанын жеңілдететін мән-жайлар ретінде ескерді.
ҚР Қылмыстық кодексінің 55-бабы 2-бөлігі 2-тармағының талаптарын ескере отырып, сот Б.-ға 1 жыл 4 ай мерзімге бас бостандығын шектеу жазасын тағайындады.
Сонымен қатар сот ҚР ҚК-нің 81-бабының 6-бөлігіне сәйкес кәмелетке толмағандарға бас бостандығын шектеу жазасы екі жылға дейінгі мерзімге тағайындалатынын назарға алды.
Сот үкімі заңды күшіне енді.