Абай облысының полицейлері дүкен сатушысын жалған чек көрсетіп алдаған азаматты анықтады, деп хабарлайды Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Сәуір айының ортасында Семей қаласы полиция басқармасының “102” жедел арнасына 50 жастағы әйел жүгініп, дүкенде белгісіз ер адам азық-түлікті мобильді қосымшада жасалған төлем чегін көрсеткенін, алайда қаражат әйелдің шотына сол күйі түспегенін хабарлаған.
Жедел-іздестіру іс-шараларын өткізу барысында полиция қызметкерлері осы іске қатысы бар деген күдікпен облыс орталығының 23 жастағы тұрғынын анықтап, ұстады. Төлем кезінде күдікті жалған чек көрсетіп, сол арқылы азық-түлікті иемденгені белгілі болды. Жауап алу барысында ұсталған ер адам кінәсін мойындады.
– Жалған чектер ұялы телефоннан бірнеше секунд ішінде, жіберетін адамның қажетті деректерін – тегін, алушының атын, күнін және тіпті сомасын көрсете отырып, өте қарапайым жасалады. Осындай жағдайлардың құрбаны болмас үшін, тауар үшін қосымшалар арқылы емес төлемді тек банктердің терминалдары арқылы қабылдау қажет. Бүгінгі таңда алаяқтар әртүрлі амалдарды қолданады, сондықтан заңды сақтап, төлемді заңды және қауіпсіз түрде қабылдау керек. Сонда ғана сіз өзіңізді осындай жағымсыз жағдайлардан оқшаулай аласыз, – деп түсіндірді Абай облысы ПД криминалдық полиция басқармасының бастығы Шалқар Құнанбаев.
Аталған дерекке қатысты ҚР ҚК-нің 190-бабы 1-бөлігі (Алаяқтық) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.