Семей қаласының жаңа бас жоспарында сауда жүргізіліп жатқан Аймауытов, Чехов, Шұғаев көшелерінің учаскелерін қозғалыс үшін ашу көзделіп отыр. Бұл туралы Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев қаладағы сауда орындары мен базар аумақтарын аралаған кезде мәлімдеді.
Қазіргі уақытта "Ақшың", "Арғымақ" және "Мереке" базарлары ауданында сауда контейнерлері, қоршаулар мен автотұрақтар орналасқандықтан қозғалыс қиындаған. Кейінгі кезде қаланың бұл бөлігі ең көп көлік ағынының орнына айналды.
Орталық базар ауданында көшелердің ашылуы көлік ағындарын қайта бағыттауға мүмкіндік береді, сондай-ақ, көлік кептелесінің алдын алады. Осыған байланысты қала тұрғындарының жүріп-тұруына және осы көшелер бойынша жол жүруді босатуға ыңғайлы болу үшін автовокзалды қаланың басқа бөлігі Алматы тас жолының шыға берісіне көшіру жоспарлануда. Семей қаласының басқа бөлігінде тағы бір автовокзалды орналастыру мүмкіндігі қарастырылуда.
Өңір басшысы аталған көшелердің жүру бөлігін босату бойынша кәсіпкерлердің мүдделерін ескере отырып, жоспарлы түрде жүргізілетінін атап өтті.
- Қалада тәртіп болуы керек, ол барлық қала тұрғындары мен Семей қонақтары үшін ыңғайлы және қауіпсіз болуы қажет. Көшелерде өтпелі қозғалысты ашу бойынша жұмыс қолданыстағы заңнамаға сәйкес қатаң жүргізілетін болады. Бұл ретте кәсіпкерлер үшін жаңа сауда орындары айқындалатын болады, - деп атап өтті өңір басшысы.
Семей қаласының Бас жоспарын әзірлеуді жыл соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр. Аяқталғаннан кейін қоғамдық тыңдаулар, сондай-ақ экологиялық және мемлекеттік сараптамалар өткізіледі. Бас жоспар Үкіметтің қаулысымен бекітіледі.