Семейде әйел лифт ішінде босанып, ұл баланы дүниеге әкелді, деп жазады inbusiness.kz abainewskz порталына сілтеме жасап.
Ресурстың жазуынша, оқиға 3 қыркүйек күні сағат 06:00-де облыстық перинаталдық орталықта болды.
Техникалық ақауларға байланысты 5 жүкті әйел ғимараттағы лифт ішінде қалып қойған. Бұл уақытта бір келіншектің толғағы кенет басталып кетеді. Осы уақытта басқа бір әйел оған көмек қолын созып, жүкті әйелді аман-есен босандырып алған.
Лифт ішінде тұрып қалған басқа бір жүкті әйелдің сөзінше, оның анасы – Эльмира Жетпісова осы медициналық мекемеде акушер болып жұмыс істейді. Алайда сол уақытта еңбек демалысында болған.
“Менің анам нағыз ерлік жасады. Ол 1 сағаттай тоқтап тұрған Семей қаласының перинаталдық орталығының лифтінде әйелді босандырып алды. Бес жүкті әйел осы уақыт бойы лифт ішінде болды”, - деді әйелдің бірі.
Белгілі болғандай, Матвей есімді ұл бала дүниеге келді.