Семейдің аспалы көпірі алғаш рет жөндеуден өтеді. Бірегей нысан құрылымының кей бөліктері тозған. Енді оларды қалпына келтіріп, жолдың асфальт жабындысын ауыстыру жұмыстары жүргізіледі, деп хабарлайды ШҚО әкімінің баспасөз қызметі.
Ертістің екі жағасын жалғаған көпірді қазақстандық кәсіпорын қызметкерлерімен бірге жапондық "IHI" фирмасы мен "Аларко Алсим" түрік компаниясының мамандары салған еді. Жалпы ұзындығы 1086 метрді құрайды. 2000 жылы қолданылуға берілгеннен кейін жөндеу көрмеген.
Облыс әкімі Даниал Ахметовтың тапсырмасы бойынша мамандар жағдайды зерттеп, "ҚазжолҒЗИ" АҚ жабындының құрамы мен оның дайындау технологиясы бойынша қорытынды берді. ШҚО жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысы Мұрат Мұсатаев кеңейтілген аппарат отырысында хабарлағандай, алдын-ала жүргізілген есеп бойынша жөндеу жұмыстарына 241 млн теңге, сонымен қатар өзгеріске түскен жікті қалпына келтіруге 173 млн теңге қажет. Жұмыс 2018 жылға жоспарланып отыр.