Семейдегі өрт: "Ауыр зардаптарға жол берген лауазым иелері қылмыстық жауапкершілікке тартылады"

690

Абай облысындағы орман өрті бойынша қылмыстық істі тергеумен Бас прокуратура айналысып жатыр.

Семейдегі өрт: "Ауыр зардаптарға жол берген лауазым иелері қылмыстық жауапкершілікке тартылады" Фото: ҚР ТЖМ

Бас Прокурордың орынбасары Жандос Өмірәлиев осы мәселеге қатысты пікір білдірді.

"Абай облысы "Семей орманы" резерватындағы ауқымды өрт бойынша Қылмыстық Кодекстің 292-бабының 3 бөлігімен қылмыстық іс қозғалды. Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасымен аталған істің тергелуі Бас прокуратураға жүктелді. Бас прокуратура тарапынан құқық қорғау органдарының ең білікті тергеушілері мен жедел уәкілдерін тарта отырып, тиісті межведомстволық тергеу тобы құрылды. Қазір тергеу тобы Абай облысында өрт болып жатқан жерде жұмысын бастап кетті", - деді Жандос Өмірәлиев Мәжіліс кулуарында.

Оның сөзінше, бұл істің бақылауы Бас прокурордың тікелей бақылауында. 

"Жалпы өрттің салдарын, қоршаған ортаға елеулі зиянын және 14 азаматтың қызметтік борышын өтеу кезінде қаза болуына байланысты қызметіне немқұрайлықпен қарау бабымен қосымша істі қозғадық. Бұл іс те прокуратураның тергелуінде. Істің шеңберінде өз қызметтеріне салғырттықпен немесе жауапкершіліксіз қарау, осындай ауыр зардаптарға жол берген барлық лауазым иелері қылмыстық жауапкершілікке тартылатын болады", - деді спикер. 

Тілшілер Бас прокуратура өкілінен тергеудің әділ өтуіне кепілдік бере аласыз ба деп сұрады.

"Тергеудің әділ өтуіне кепіл бере аламын. Себебі бұл қылмыстық іс өте жоғары бақылауда. Тергеу тобының құрамына жоғары және сапалы тергеу жүргізетін мамандар тартылды. Кінәсі бар барлық лауазым иелері жауапкершілікке тартылатынына сенімдімін", - деп қысқа қайырды ол.

Бұл ретте Бас Прокурордың орынбасары Жандос Өмірәлиев бұрынғы Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин, Экология және табиғи ресурстар министрі Зүлфия Сүлейменова, Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев, ШҚО әкімі Даниал Ахметовтен әлі жауап алынбағанын атап өтті. 

"Қазір бұл қылмыстық іс бойынша ешкімнің іс-әрекеті әлі сараланған жоқ. Тергеу басталғанына көп болмады болмады. Сіздер айтып жатқан лауазым иелерінің қылмыстық іс бойынша әлі мәртебесі жоқ", - деп жауап берді Жандос Өмірәлиев.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу