Семей қаласының әкімі Ермак Сәлімов жеке кәсіпкермен жер телімі үшін соттасып жатыр. Кәсіпкер бұл жер аумағын 4 млн теңгеге аукцион арқылы сатып алған, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
"Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасының ақпаратына сәйкес қала тұрғыны Анар Байкенова 2014 жылдың қазан айында өткізілген бірінші аукционда ғимарат салу үшін үш жүз шаршы метр жер телімін сатып алған. Кәсіпкер бұл жерге екі қабатты нысан салуды жоспарлаған. Жоба құны 40 млн теңге. Кәсіпкердің айтуынша, бұл жерге ғимарат салу үшін барлық рұқсат құжаты бар. Сондықтан құрылыс жұмыстары басталған. Қазірдің өзінде шамамен 6 миллион теңге қаржы құрылысқа жұмсалған. Бірақ екі жыл өткен соң арада мәселе туындаған. Қала әкімі кәсіпкер мен жер қатынастары бөлімі арасында жасалған жер учаскесін сату, сатып алу туралы шартты жарамсыз деп танып сотқа берген. Белгілі болғандай бұл жер заң бойынша құрылыс нысанын жүргізуге келмейді. Себебі, жер учаскесі жол бойындағы жалпыға ортақ жер.
"Мен ешкімді айыптағым келмейді. Қазіргі уақытта пайдаланылмайтын бірқатар жер учаскелері бар. Біз оларды анықтап, мемлекетке қайтарып, қайтадан сатуға шығарамыз. Конкурсқа қойылған барлық жаңа жер учаскелері үшін біз өз тарапымыздан барлық тұрғыдан үш мәрте бақылау жасаймыз. Әсіресе, халықтың пікірі біз үшін өте маңызды", — деп түсіндірді журналистермен кездесуде Ермак Сәлімов.
Бұл құрылыс нысанының салынуына тұрғындар да қарсы. Себебі, бұл жердегі жасыл желекке зақым келген, қала көркін де бұзып тұр.
"Құрылыс жұмыстары өткен жылдың қазан айында басталды. Біз еккен барлық ағашты кесіп, құрылыс жұмыстарын бастады",- дейді қала тұрғыны Ирина Безродная.
Жергілікті билік пен кәсіпкер арасындағы дауға енді нүктені сот қояды. Ал кәсіпкер ШҚО әкімі Даниал Ахметовке осы мәселе бойынша көмек сұрап, хат жолдады.