Семейлік студенттер Оңтүстік Кореяға жіберілмеді

1504

Өткен жылы Кореяға оқуға барған қазақстандықтар депортацияға ұшыраған болатын.   

Семейлік студенттер Оңтүстік Кореяға жіберілмеді

Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетінің студенттері Оңтүстік Кореяға барар жолда кедергіге ұшырады. Олар Алматыға жетіп, ары қарай Кореяға ұшуға тиіс болған. Алайда ұшаққа мінер алдында оларды бортқа жібермеген, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Әлеуметтік желі пайдаланушысы Насима Қорғанбекова Фейсбуктегі парақшасында өзіне семейлік студенттердің хабарласып, жағдайларын жеткізгені туралы жазба жариялады. Жазбада Кореяға тіл үйрену курсына бара жатқан семейлік студенттердің Алматыда бортқа отырғызылмағаны айтылады. Олардың шақыртуы бар, бірақ визалары жоқ. Себебі олар Оңтүстік Корея мен Қазақстан арасындағы визасыз режим туралы келісімге сенген. Алайда бұл келісімнің шарттарымен толық таныс болмаған сыңайлы.

ҚР сыртқы істер министрлігі бұл мәселеге қатысты пікір білдірді. Ведомствоның баспасөз қызметі жолдаған хабарламада сыртқы істер министрлігі бұл жағдаймен танысқанын, сонымен қатар мәселе екі елдің визасыз режім туралы келісімінің талаптарын студенттердің сақтамауынан туындағанын мәлімдеген.

"Студенттер Қазақстан Республикасы мен Оңтүстік Корея Республикасы арасында 2014 жылы күшіне енген визасыз режім туралы келісімінің талаптарын орындамағаны анықталды. Құжатқа сай ҚР азаматтары Кореяда 30 күн визасыз бола алады. Алайда олар тек төмендегі мақсаттармен барғанда ғана бұл келісім жүзеге асады: туристік мақсатта, іскерлік мақсатта, ем алу, емделу мақсатында және жеке істерімен барған жағдайда (туыстарына, достарына қыдырып бару). Ал жұмысқа тұру, білім алу үшін барғандар, көшіп барғандар және миссионерлік мақсатта барған адамдар бұл келісімді пайдалана алмайды", – делінген хабарламада.

Министрлік студенттер бұл сапарға шығар алдында Астанадағы Оңтүстік Корея Республикасы елшілігінде немесе Алматыдағы бас консулдығында тиісті категориядағы визаны рәсімдеп алуы керек болғанын мәлімдейді.

Бұған дейін Оңтүстік Кореяда 12 мың қазақстандықтың заңсыз жүргенін хабарланған еді. Бұл азаматтар 31 наурызға дейін елге ешбір кедергісіз орала алады.

Айта кетейік, өткен жылы да Кореяға оқуға барған қазақстандықтар депортацияға ұшыраған болатын.   

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу