Семейліктер көмір ақысын бөліп төлей алады

712

Бұған қоса түн ортасынан басталатын кезекте тұру, дүрбелең мен жаға жыртысу болмайды. Тұтынушы қысқы отынды үйінде күтеді. 

Семейліктер көмір ақысын бөліп төлей алады

Семей жүк тасымалы бөлімшесі мен қалалық әкімдік  көмір тасымалы мен оны тұтынушыға жеткізуге байланысты бірлескен әлеуметтік жобаны қолға алды, деп хабарлайды kaz.altaynews.kz.

Қалалық әкімдік пен көмір саудалаушы "Жігер" ЖШС арасында арнайы келісім жасалды. Бұл – бағаны шарықтатып жіберетін делдалдар мен алыпсатарлардың жолын кесуге бағытталған. Мысалы, мекеме қызметкерлері көмірге алдын ала өтініш беріп, ақысын келер айдың жалақасынан бөліп төлей алады. Жобаның негізгі басымдылығы осыда.

Бұған қоса түн ортасынан басталатын кезекте тұру, дүрбелең мен жаға жыртысу болмайды. Тұтынушы қысқы отынды үйінде күтеді. Егер тауар көңілінен шықпаса, ауыстыруға не алмауға құқылы.

"Бұл әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған отбасылар үшін тиімді. Анығын айтқанда, жалақысы 100 мың теңгеден төмен қызметкерлер көмір бағасын екі айға бөліп төлесе, 60 мың теңгеден төмен алатындар үш айға бөле алады. Яғни, кірісі төмен жандар үшін қолайлы. Сондай-ақ, көпбалалы жанұялар, мүгедек балалары барлар мен жалғызбасты аналар үшін де елеулі жеңілдік", – дейді Семей ЖТ бөлімшесінің басшысы Марлен Көкірекбаев.

Қыркүйек айындағы 5 күнгі көрсеткіш бойынша Семей ЖТ бөлімшесінен 126 адам әлеуметтік көмірге өтініш беріпті.  Бұл 616,5 тонна отынды құрап отыр.

Қыркүйек айындағы жағдайға сәйкес, Қаражыра кенішінен осы күнге дейін 6 млн 832 мың тонна қатты отын тиелді. Бұл өткен жылдың есепті мерзімімен салыстырғанда 890, 7 мың тоннаға көп. Соның есебінен биыл көмір жеткізудің үлес салмағы 65 пайызды құраған. Жыл соңына қарай бұл межені 8 млн тонна көмірге дейін жеткізу көзделіп отыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу