2023 жылғы 27 қыркүйекте Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты қаржы пирамидасын құрғаны және оған басшылық жасағаны үшін С.-ға қатысты үкім шығарды.
"2019-2023 жылдар аралығында С. "Семейный капитал" қаржы пирамидасын құрған және басқарған, сондай-ақ жалпы сомасы 400 млн теңгеден астам аса ірі мөлшерде азаматтардың қаражатын тартқан", – деп хабарлады Астана сотының баспасөз қызметі.
Іс бойынша барлығы 185 тұрғын жәбірленуші деп танылды.
Сотталушының кінәсі жәбірленушілер мен куәгерлердің айғақтарымен, сот-экономикалық сараптама қорытындысымен, сондай-ақ жәбірленушілердің қаржы пирамидасына ақша салғанын растайтын шарттармен және басқа да құжаттармен дәлелденді.
"ҚК-нің 217-бабы 3-бөлігінің санкциясы 7 жылға дейінгі мерзімге белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айыра отырып, мүлкі тәркіленіп, 5 жылдан 12 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны көздейді. Сот үкімімен С. ҚК 217-бабы 3-бөлігінің 2) тармағында көзделген қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылды және 5 жыл мерзімге коммерциялық және коммерциялық емес ұйымдарда белгілі бір лауазымдарды атқару құқығынан айырыла отырып, 7 жылға бас бостандығынан айырылды", – деп жазылған хабарламада.
Жәбірленушілердің азаматтық талаптары мүліктік залалды өндіру бөлігінде қанағаттандырылды, ал моральдық зиянды өндіріс бойынша қанағаттандырылған жоқ. Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.