"Сен білдей мұғалімсің": Түркістан облысында оқушы қыз бен анасын өлтірді деген күдікті ұсталды

2763

Түркістан облысы Амангелді ауылында оқушы қыз бен анасын айуандықпен өлтірді деген күдікті қамауға алынды, деп жазады inbusiness.kz сайты INFORMBURO телеарнасына сілтеме жасап.

"Сен білдей мұғалімсің": Түркістан облысында оқушы қыз бен анасын өлтірді деген күдікті ұсталды Фото: Бейнежазбадан

Мектепте мұғалім болған 30 жастағы азамат үйге түнде келіп, қанды қылмысқа барған дейді қара жамылған отбасы. Марқұмдардың туыстары қаскөй алдымен әйелді кірпішпен ұрып, артынша 10-сынып оқушысына азғындық жасады деп отыр.

Бір-ақ сәтте жетім қалған апалы-сіңілі жандар үшін ауыр күн. Қайғыдан қабырғасы қайысқан отбасы екі бірдей туғанынан қапыда айырылды. Көз жұмғандардың бірі анасы, екіншісі осы әулеттің кенже қызы. Марқұмдардың денесін көргенде жанымыз түршікті дейді Гүлжан Байболатова.

– Өзім жуындырдым. Денесін адам қарап болмайды. Бет-ауыздарын танымайсың. Таспен ұрып-ұрып кіші сіңілімнің көзін ағызып жіберген. Соншалықты хайуан болар ма? Бастарын жарып тастаған. Құлақтарының айналасын тіккен. Жарылған. Түрі жаман, – дейді марқұмдардың туысы Гүлжан Байболатова.

Амангелді ауылындағы қанды қылмысты естігенде аза бойың қаза болады. Куәгерлердің айтуынша, түн ішінде бұл баспанаға баса-көктеп кірген азамат 45 жастағы әйелді кірпішпен ұрған екен. Қансыраған келіншек оқиға орнында тіл тартпай кетіпті. Содан кейін оның оқушы қызын соққыға жығып, зорлық көрсетіп жатқанын көршілері естіп, үстінен түсіпті.

– Терезеден қарадым, бағанағы дүкілдеген тоқтады. Өздері шығар деп қайтып кетіп жатқанымда, терезенің тұсына барғанда қыздың дауысы шықты. Не болса, ол болсын деп жүгіріп кеп кіргенімде мені ұрды. Сол құшақтаған күйде ұстап тұрған едім, жұлқынды. Сүріндім де светті жағуға әрекет жасадым. Ол мына жаққа басын тықты да қашты, – дейді оқиға куәгері.

Марқұм Зарипа Нарымбетова үш қыз өсіріп, екеуін тұрмысқа берген. Өзі мектепте аспаз болып жұмыс істеген екен. Сол түні қайтыс болған қызы 16 жаста. Ал, қара жамылған әулеттің жақындары күдікті елдімекендегі жалғыз білім ошағында дене шынықтыру пәнінен сабақ берген деп отыр. Бұған дейін 30 жастағы азамат 10-сынып оқушысына қырындап, соның салдарынан жұмыстан қуылғанын айтады.

– Сен менің қызымды тыныш қой. Бұл мектеп оқушысы, 15 жаста. Ол кезде 14-те болған қызымыз. Сен білдей мұғалімсің. Менің қызымды тыныш қой деп айтқан. Милицияға берем деген уақытта сіз бермеңіз, өз еркіммен жұмыстан кетемін деп әке-шешесі жалынған жеңгеме. Наша қолданатын бала екен. Ол қалай мұғалім болып жүр. Оны мектеп директорлары қалай жұмысқа қабылдағанын мен әлі түсіне алмай тұрмын, – дейді марқұмдардың туысы Гүлжан Байболатова.

Полиция іс қозғалып, күдікті қамалғанын жеткізді. Жантүршігерлік оқиғаның жай-жапсары тергеу барысында белгілі болады деп отыр.

– Полиция Түркістан облысының тұрғыны мен оның кәмелетке толмаған қызын өлтіру фактісі бойынша қылмыстық іс қозғады. Күдікті ізін суытпай ұсталып, уақытша ұстау изоляторына тоғытылды, – деді Түркістан облысы Полиция департаменті бастығыныің орынбасары Асылжан Қалдарбеков.

Бір отбасының екі мүшесін ағайын-туысы күні кеше ақтық сапарға шығарып салды. Қара жамылған жанұя күдікті жалғыз болмағанына сенімді. Олар кінәлілер жазадан сытылып кетпей, тиісті жазасын алсын деп отыр.

Айта кетейік, бұл үйдің отағасы да 15 жыл бұрын кісі қолынан қаза тапқан екен.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу