"Сен есіңді жи, әліңді біл": Белгілі журналист өзін айыптаған Нұралы Әліпке жауап берді

2455

Маңғыстауда әрбір қарагөз ана тілінде сөйлейді.

"Сен есіңді жи, әліңді біл": Белгілі журналист өзін айыптаған Нұралы Әліпке жауап берді Фото: inbusiness.kz

Белгілі журналист Нұрсұлтан Құрман өзін "хайп жасады" деп айыптаған "Зенит" клубының қорғаушысы Нұралы Әліптің айыптауына қатысты пікір білдірді. Ол қорғаушыға тіл тағдыры бірінші кезекте тұруы керек екенін айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайтының тілшісі.

Естеріңізге сала кетейік, жуықта қазақстандық футболшы ресейлік арналардың біріне берген сұхбатында ұлттық құраманың бас бапкері Станислав Черчесовке қазақ тілінде сұрақ қойған журналистің әрекетіне қатысты пікір білдірген еді. Алайда, бұған қатысты Нұрсұлтан Құрман жауап беріп, футболшыға өз үндеуін жеткізді.

"Нұралы, сен өзің маңғаз Маңғыстаудың, қазақылықтың иісі аңқып тұрған, тілдің үстемдігін шырақ етіп ұстап отырған өлкенің тумасысың. Маңғыстауда әрбір қарагөз ана тілінде сөйлейді. Қазақ тілі үшін жанын беруге дайын. Өзге ұлт өкілдері де ол жақта қазақша сөйлейтіні рас қой. Оған Ақтауға барған сайын куә болып жүрміз. Сондықтан, Нұралы, сенің бұл жерде не айтқың келгенін түсінбедім. Шыны керек, маған хайп мүлдем керек емес. Ол үшін жүрген адам емеспін. Бұл жерде қазақ футболы деп жүрміз. Ең бастысы, ұлт мүддесі, тіл тағдыры бірінші кезекте тұруы керек. Ол біздің қызметіміз болсын немесе мансабымыздан жоғары тұратын нәрсе - ол тіл. Расул Ғамзатовтың өзі "тілім өлсе, бүгін өліп кетуге дайынмын" деген екен. Нұралы, сен есіңді жи, әліңді біл. Бұл хайп үшін жасалған жоқ. Қазақ жерінде футбол федерациясында баспасөз мәслихаты қазақ тілінде өтуі керек. Керек болса, оған аударып берсін. Мен Черчесовке қазақша жауап бер деп талап еткен жоқпын. Сұрағымды қазақша қойдым. Біз тәуелсіздік алғалы отыз жылдан асып бара жатыр. Елу жылда ел жаңа дейді. Біз жаңарған елміз. Жаңа толқын пайда болды және менің де, сенің де ұлт алдындағы миссиясы ол - келесі ұрпаққа біздің тіліміз бен мәдениетімізді саф ретінде аманат етіп жеткізу. Дәл осы жолда біз айнымауымыз керек. Бірақ мынау сенің Петерборда отырып алып, "хайп үшін жасалды, әрбір журналист орысша түсінеді" деп мәлімдеме жасауың өте қате. Оны біздің ақпарат саласының қызметкерлері де, қалың қазақ жанкүйерлері де дұрыс түсінбей отыр", – деді белгілі журналист.

Айта кетейік, Нұрсұлтан Құрман өз үндеуінде Нұралы Әліптен аталған пікірі үшін қалың елге түсіндірме беруін талап етіп отыр.

Ол өз сөзінде қай келде болсын кез келген маманға сол мемлекеттің ана тілінде сауал қойылатынын қадап айтты.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу