Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев бірнеше жыл бұрын әкімдік құзіретінен алынып бәсекелестік ортаға берілген коммуналдық қызметтердің осы күнге дейін науқаншылықпен іске асып келгенін айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Осыдан бір жыл бұрын елімізді алапат су тасқыны алғанын білесіздер. Сол уақытта жергілікті әкімдіктерде не бір техника, тіпті қарапайым құрал-саймандардың болмағанына куә болдық. Соның салдарынан тасқынның алдын-алу жұмыстары әлсіз ұйымдастырылды. Нәтижесінде қаншама елді мекен су астында қалды. Осы оқиғадан соң біз Үкіметке жергілікті атқарушы органның коммуналдық-шаруашылық саясатын ретке келтіру бойынша нақты ұсыныстарымызды жолдадық. Қазір өңірге депутаттар барған сайын, бірінші кезекте көтерілетін мәселе – әкімдердің қарауында қажетті коммуналдық ресурстардың болмауы. Бұл ретте, кез келген апаттық жағдай, әлеуметтік мәселе орын алса, таяқтың ұшы бірінші кезекте әкімдерге тиетінін білеміз. Шынтуайтында, қала және аудан әкімдерінің құзырында білім саласына да, денсаулық саласына да ықпал ету тетіктері қалмаған. Ал, елді мекендердің көркін кіргізетін, әкімдіктің жұмысының негізгі бағытын құрайтын көгалдандыру, абаттандыру, санитария, қатты тұрмыстық қалдықтарды басқару және жолдарды күтіп ұстаужұмыстары кәсіпкерлік ортаға шығарылғандықтан, жергілікті жерде қиындықтар туындауда", – деді депутат.
Себебі осыдан бірнеше жыл бұрын коммуналдық қызметтер "бизнес тиімді ұйымдастырады, нарық бәрін реттейді" деп бәсекелестік ортаға берілген болатын, деп атап өтті ол.
"Бұл үрдіс еліміздің әкімшілік-басқару жүйесін, өндірістік-кәсіпкерлік мәдениетін, инфрақұрылымдық, географиялық және территориялық ерекшеліктерін және басқа да факторларды ескермей іске асты. Тек жоғары жақтан шешім қабылданып, науқаншылықпен өтті", – деді ол депутаттық сауалында.
Елнұр Бейсенбаев салдарынан бірқатар жүйелі проблемалар орын алғанын айтты.
"Біріншіден, Үкімет көгалдандырумен жыл он екі ай айналысатын жоғары білікті мамандары және мықты материалды-техникалық базасы бар арнайы коммуналдық мекемелердің жұмысын тек бәсекелестік ортаға ғана емес, сондай-ақ кейбір қоғам өкілдеріне тікелей беру туралы шешім қабылдады. Оның ішінде, ерекше қажеттігі бар азаматтардың ұйымдарына басымдық берілді. Бұл мәселеде де сұрақтар жетерлік. Өйткені көктем, күз айларында көшеттерді отырғызу, санитарлық кесу, саябақтарды күтіп ұстау, агротехникалық және ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу, инвентаризация жасау және басқа да жұмыстар жыл бойы атқарылуықажет. Ал, жыл сайын өткізілетін конкурстар мердігерлердің үнемі ауысуына және көгалдандыру жұмыстарының жүйелі түрде жүргізілуіне кедергі болып отыр. Бұл өз кезегінде коммуналдық салада жүйесіздікті туындатып, аталған міндеттердің уақытылы орындалмауына алып келді. Яғни, қарапайым тілмен айтқанда, "Сен салар да мен салар, атқа жемді кім салардың" кебін киіп жүрміз", – дейді депутат.
Сөзінше, мұндай жағдай абаттандыру және санитария жұмыстарында да орын алып отыр.
"Мысалы, балалар мен спорт алаңдарының құрылысын, ауланы, жолды қардан, қоқыстан тазартуды жыл сайын тендерді ұтып алған компания жүргізеді, көбінесе олардың бұл салада тәжірибелері жоқ. Соның салдарынан балалар жарақат алған немесе қаза тауып жатқан фактілер де бар. Сондай-ақ, қалалар мен аудандарда тұрмыстық қалдықтарды жинауды, тасымалдауды бірнеше жеке компания бөліп алған. Ал, жергілікті әкімдерге қалдықтарды көму мен полигонды ұйымдастыру қарастырылған. Бұрынғыдай барлық процесті іске асыратын бірыңғай жүйе жоқ. Осыған байланысты қатты тұрмыстық қалдықтарды өңдеу өте төмен деңгейде", – деп жалғастырды спикер.
Саладағы білікті мамандардың тарап кетуіне, біртұтас жүйенің ыдырауына, мамандандырылған коммуналдық бизнес-құрылымдардың қалыптаспауына алып келген.
"Біз кәсіпкерлік ортаға мемлекеттік функцияларды беруге қарсы емеспіз. Бірақ мемлекет пен қоғам үшін маңызды коммуналдық қызметтер мемлекет иелігінде болуы керек", – деді Елнұр Бейсенбаев.