Сенат басшысы ақпарат құралдары тап болып отырған қауіп-қатерлер туралы айтты

1028

Дариға Назарбаева БАҚ өкілдерін ақпарат құралдары туралы заңнамаға түзетулер әзірлеуге белсенді қатысуға шақырды.

Сенат басшысы ақпарат құралдары тап болып отырған қауіп-қатерлер туралы айтты

Сенат төрағасы Дариға Назарбаева Батыс Қазақстан облысына жұмыс сапары барысында "Зенит" кеме жасау зауытының жұмысымен танысты, деп хабарлайды сенаттың баспасөз қызметі.

Зауыт басшылығымен және еңбеккерлермен әңгіме кезінде сенат басшысы қорғаныс саласының мүддесіне жұмыс істейтін кәсіпорынды дамытуға қажетті нормативтік-құқықтық база жасалғанын, елімізде жыл басында "Қорғаныс өнеркәсібі және мемлекеттік қорғаныстық тапсырыс туралы" жаңа заң қабылданғанын атап өтті.

"Үкімет қорғаныс мақсатындағы өнім шығаратын отандық кәсіпорындарды қолдау бойынша жүйелі жұмыс жүргізуі керек. Бізге өз өнеркәсібімізді дамыту және тапсырыстарды бірінші кезекте қазақстандық кәсіпорындарға беру маңызды", – деп атап өтті Дариға Назарбаева.

Дариға Назарбаева сол күні Оралдағы ұлттық мәдени орталықтардың басшыларымен, Батыс Қазақстан облысындағы жастар мен еріктілер ұйымдарының өкілдерімен кездесті. Дариға Назарбаеваның айтуынша, Қазақстан халқы Ассамблеясы еліміздегі ұлтаралық татулық пен келісімді нығайтудағы ықпалды қоғамдық күш болып табылады.

Сенат басшысы аймақтағы бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерімен жүздесуде ақпарат құралдары қазіргі әлемде тап болып отырған жаңа қауіп-қатерлер туралы айтты. Дариға Назарбаеваның айтуынша, дәстүрлі бұқаралық ақпарат құралдары – теледидар, радио, газет – халықтың 70 пайызы үшін бұрынғыша ақпараттың негізгі көзі екенін статистика деректері көрсетіп отыр. Сонымен бірге ғаламтор мен мобильді құрылғылар арқылы медианы тұтыну ұлғайып барады. Бұл үдерістер сараланып, бұқаралық ақпарат құралдары саласын дамыту жөніндегі мемлекеттік стратегияда белгіленуге тиіс. Сенат басшысы Батыс Қазақстан облысындағы бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерін осы құжатты дайындауға және ақпарат құралдары туралы заңнамаға түзетулер әзірлеуге белсенді қатысуға шақырды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу