Сенат бірқатар халықаралық құжаттарды ратификациялады

622

Сондай-ақ Астана халықаралық қаржы орталығын дамытуға арналған заңды қабылдады.

Сенат бірқатар халықаралық құжаттарды ратификациялады

Парламент Сенатының отырысында Қазақстан Республикасы мен Еуропа Кеңесі арасындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мемлекеттер тобы өкілдерінің және бағалаушы топтар мүшелерінің (ГРЕКО) артықшылықтары мен иммунитеттеріне қатысты келісім  ратификацияланды, деп хабарлады Сенаттың баспасөз қызметі..

Келісімнің мақсаты ГРЕКО мен бағалау топтарының өкілдеріне азаматтық, әкімшілік және қылмыстық жауапкершіліктен, қызметтік міндеттерін орындауға байланысты олардың біздің елімізге келу кезінде жеке ұстап тұру мен қамаулардан иммунитеттер ұсыну болып табылады.

Сенатор Нұржан Нұрсипатов келісімді ратификациялау сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманы жетілдіруге, сондай-ақ әлемдік рейтингтерде Қазақстанның сыбайлас жемқорлық көрсеткіштерінің индексін төмендетуге ықпал ететінін атап өтті.

Қазақстан мен Кипр үкіметтері арасындағы табысқа салынатын салықтарға қатысты қосарланған салық салуды болдырмау және салық салудан жалтаруға жол бермеу туралы Конвенция мен оған Хаттама ратификацияланды.

Уағдаласушы мемлекеттердің әрқайсысы салық төлеушіге уағдаласушы мемлекеттердің тек бірінде бір рет қана салық төлеу мүмкіндігін қамтамасыз етеді. Басқа мемлекет оған төленген салық сомасына есеп береді немесе салық салынатын жиынтық табыстан екінші мемлекетте салық салынған бөлігін алып тастайды.

Сенатор Ольга Перепечина салық конвенцияларын немесе келісімдерді қабылдау трансшекаралық сауданы жеңілдетіп, инвестициялар тартуды қамтамасыз ететінін атап өтті. Соңғы 10 жылда салықтық конвенциялар қолданылатын елдерден біздің елімізге келген шетелдік тікелей инвестициялар ағыны 391 млрд. АҚШ долларын құрады немесе бұл шетелдік инвестициялардың барлық көлемінің шамамен 90 пайызы болды.

"Қазақстан Республикасының кейбір конституциялық заңдарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Конституциялық заң қабылданды.

Құжаттың мақсаты АХҚО-ны жылдам қалыптастыру мен еліміздің негізгі қаржы тұғырнамасы ретінде дамуын қамтамасыз ету және инвестиция тарту үшін оның юрисдикциясын пайдалану болып табылады.

Заң жобасы "инвестициялық резидент" ұғымын енгізуді көздейді, сондай-ақ инвестициялық резиденттерге берілетін талаптар мен жеңілдіктерді реттейді.

Сенатор Бақтыбай Шелпеков бюджеттен АХҚО-ны қаржыландыруға бағытталған мақсатты аударымдарды қосымша құн салығынан босатуда  ұсынылып отырған ерекшеліктерді түсіндірді. Сондай-ақ резидент еместердің АХҚО-ға көрсетілген қызметтері/жұмыстары мен АХҚО-ға қатысушылардың қызметтерін қосымша құн салығын салуға жататын айналым деп есептемеу ұсынылады.

Заң жобасына қолдау білдіріп сөз алған сенатор Ерболат Мұқаев Қазақстан Республикасына келу визасын алу құқығын қамтамасыз ету, АХҚО аумағында әрекет ететін ағылшын құқығымен қамтамасыз етілген инвестициялардың сақталу кепілдіктерімен қоса салық преференцияларын беру шетелдік инвесторларды тартуға ықпал ететінін атап өтті.

Одан басқа, "Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы" Конституциялық заңға жалпыға бірдей декларациялауды енгізу мерзімдерін 2020 жылдан 2021 жылға ауыстыру бөлігіне өзгерістер енгізіледі.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу