Сенат бизнесті жүргізу мәселелері бойынша заңды Мәжіліске қайтарды

457

Бүгін ҚР Сенатында "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне бизнес жүргізу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңның кезекті оқылымы өтті. 

Сенат бизнесті жүргізу мәселелері бойынша заңды Мәжіліске қайтарды Фото: Сенат

Сенат депутаттары кейбір түзетулерді мақұлдауға қарсы шығып, заңнаманы қайта Мәжіліске жіберді, деп жазады inbusiness.kz cайты.

Заң кәсіпкерлік қызмет саласындағы заңнаманы жетілдіру және бизнестің дамуы үшін қолайлы жағдайлар жасау мақсатында әзірленді.

Заң мемлекеттік бақылау және қадағалау нысандарын реттеуге, кәсіпкерлік қызметті жүргізуге және дамытуға жағдайды жақсартуға, Мемлекет басшысының жекелеген тапсырмаларын іске асыруға бағытталған.

Заңды Парламент Сенатында қарау барысында мыналарды:
- Заңның жекелеген нормаларын реттеушілік саясаттың қағидаттары мен тәсілдеріне сәйкес келтіруді;
- облыстық және аудандық маңызы бар жолдарды салумен байланысты мақсаттар үшін мемлекеттік орман қоры жерлерін басқа санаттағы жерлерге ауыстыру мүмкіндігін сақтауды;
- сауда қызметін реттеу саласындағы уәкілетті орган айқындайтын шекті сауда үстемеақысын қолдану тәртібін белгілеуді;
- әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаны тұрақтандыру тетіктерін іске асыру кезінде мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алушыларға қолдау көрсетуді көздеуді;
- пайдалы қатты қазбаларды өндіруге салынатын салықты есептеу мақсатында кен орнын әзірлеудің техникалық жобасында белгіленген нормаланған ысыраптар туралы деректерді қолдануды; 
- өңдеу өнеркәсібі кәсіпорындарын отандық шикізатпен қамтамасыз ету тетігін жетілдіруді;
- Бірыңғай төлемнің құрамдас бөліктерінің үлестерін қайта есептеуді;
- энергия беруші ұйымдар күнтізбелік бір жылда бір тұтынушыға шаққанда ажыратулар санының және ұзақтығының орташа көрсеткішінен асырған жағдайда тұтынушы пайдаланған электр энергиясы үшін бұрын жүргізілген соманы қайта есептеу және (немесе) қайтару арқылы шығыстарды өтеу кезінде әкімшілік-аумақтық бірліктерді нақтылауды алып тастауды көздейтін түзетулер енгізіледі.

Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитеті "Қазақстан Республикасы Парламентінің комитеттері мен комиссиялары туралы" Қазақстан Республикасы Заңы 29-бабының 7) тармақшасын басшылыққа ала отырып, "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне бизнес жүргізу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасының Заңын Сенат отырысының қарауына енгізеді және Қазақстан Республикасы Конституциясы 61-бабының 4-тармағына сәйкес Заңның жекелеген баптарын мақұлдамауды және Заңның көрсетілген баптарының жаңа редакциясын ұсына отырып, оны Мәжіліске қайтаруды ұсынды. Сенат депутаттары ұсынысты оң қабылдады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу