Бүгін тағы бірнеше аймақты кімнің басқаратыны белгілі болды. Мәселен, Сенат депутаты Батыс Қазақстан облысына басшы болып кетті. Ал Маңғыстау облысының әкімі лауазымына 7 бірдей үміткер ұсынылған, деп хабарлайды inbusiness.kz.
"Баяғы жартас сол жартас" я "қосылғыштардың орнын ауыстырғанмен қосынды мәні өзгермейді". Әкімдердің қайта тағайындалуын желідегі жұрт осылай бағалап жатыр. Тоқаев көбіне бұрынғы әкімдерді не лауазымында қалдырып, не орындарын ауыстырумен шектелуде. Бірақ, күтпеген тағайындаулар да бар.
Мәселен, Батыс Қазақстанда. 3 жылдан астам уақыт бойы облысты басқарған Ғали Есқалиевтың орнына Сенат депутаты Нариман Төреғалиев әкім болып барды. Сенатордың жайлы креслосын әкімнің майлы креслосына алмастырған атқамінердің жасы 58-де. Ол осы өңірдің тумасы, тіпті 2016-17 жылдары Орал қаласына бас болған.
Ал Маңғыстау облысының әкімін тағайындау кезінде ерекше жайтке куә болдық. Мұнайлы өлкені басқаруға әдеттегідей 2 емес, 7 үміткер ұсынылды. Бұл тарихта болмаған. Кандидаттар арасында қазіргі әкімнен бөлек оның екі орынбасары, 2 Мәжіліс депутаты, тіпті Президенттің кеңесшісі де болған. Алайда, Маңғыстау мәслихатының таңдауы қазіргі әкім Нұрлан Ноғаевқа түсті. Осылайша ол креслосын сақтап қалды. Ноғаевтан бөлек бүгін Ұлытау облысының әкімі Берік Әбдіғалиұлы, Жамбыл атқамінері Нұржан Нұржігітов және Ақмола тізгініндегі Ермек Маржықпаев та орындарында қалып, өз облыстарына қайта тағайындалды. Осылайша, 20 өңірдің әзірге 10-ында әкім ауыспады.
"Яғни, кешегі әкімдер әлі елді билеп отыр. Сол әкімдердің іскерлігі не қолынан іс келмейтіндігі қалды, сол әкімдердің тамыр-таныстары қалды, сол әкімдердің тұсындағы кемшіліктер қалды. Меніңше бұл үлкен қателік. Сондықтан қазір қарап отырсаңыз халықта белгілі бір реніш бар, көңіл толмаушылық бар", дейді саясаткер Әміржан Қосанов.
Иә, өзгерістер аз. Мәселен, күні кеше Солтүстік Қазақстан облысына ауыл шаруашылығы вице-министрі Айдарбек Сапаров басшы болып тағайындалды. Ал оған дейін теріскейді басқарған Құмар Ақсақалов Қостанай облысына әкім болып ауысты. Павлодар облысының атқамінері Әбілқайыр Сқақовтың орнына орынбасары Олег Крук уақытша әкім болып бектілді. Бұл лауазымға қазіргі вице-премьер Роман Скляр барады деген болжам болған. Алайда, Керекуді тұрақты түрде кімнің басқаратынын Тоқаев әлі шешпеген сияқты.
Саясаткер Әміржан Қосановтың сөзінше, 19 млн халықтан 19 әкімді маңдайынан шертіп жүріп таңдауға болады.
"Мысалы сайлаудан кейін Тоқаев мырза облыстардың әкімдерін сайламаса да, әр облысқа өзі барып, халықты жинап, ал енді міне пәленшені мен үсынып отырмын, оған бәскелес болатын лайықты кәм бар деген кезде, бір жерде табылар, бір жерде табылмас. Бір жерде халық айтар Президент мырза сіздікі дұрыс,-деп, бір жерден мықты бір жігіт шығар. Сол мықты жігіт шығып, әкім болса, ол Тоқаевқа плюс болады. Біріншіден, халық пікірімен санасады, екіншіден ол жұмыс жүргізеді ғой", дейді саясаткер Әміржан Қосанов.
Бүгінде елдегі 20 өңірдің 16-сына әкім тағайындалды. Ал екі ірі қала мен 2 облыстың атқамінерлерін Президент әлі бекітпеді. Соған қарағанда бұл маңызды өңірлерге қатысты шешім жоғарыда әлі қабылданбаған сыңайлы. Көлгінов елордадан кете ме, Досаев Алматы тізгінінде қала ма, Шығыстағы Даниал Ахметов зейнетке шыға ма, Қарағандыдағы Қасымбектің тағдыры не болмақ?